“Жауапкершілікті алу үшін таксимен жүру керек қой, министр мырза“. Қошанов көлік министрі Қарабаевты састырды

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов депутаттың сұрағына жауап берген көлік министрі Марат Қарабаевқа қосымша сұрақ қойып састырды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Көлік министрі Марат Қарабаев "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жолаушыларды автомобильмен тасымалдау саласындағы кейбір мемлекеттік функцияларды міндетті мүшелікке (қатысуға) негізделген өзін-өзі реттеуге беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы жөнінде баяндама жасады.

Зайытовтың сұрағы

Депутат Ринат Зайытов министрге ашық сұрақ қойды.

"Үкіметтің мүшелерінің бастамашылығымен Мәжіліске келгелі бірде-бір заңның халыққа пайдасы тиіп, жұмыс істеп жатқанын көрген жоқпын. Бәлкім, көрмей жүрген шығармын, оны бетіме келіп айтыңыздар. Құрметті Марат Кәрімжанұлы, бізде кәсіпкерлердің мүддесін қорғайды деген бір емес, екі палата бар. Жол тасымалы деген кіші кәсіпкерлік қой. Неге солар басқара салмайды?! Әйтеуір бәріне бір-бір қожайын тауып береміз. Сондықтан сізге сұрақ: осыншама таксистерді енді отарлаудың қажеті қанша?! Екінші сұрағым: бұлар өзі - шулы қауым, ертең дүрлігетін болса, таксимен жиі жүретін адам болғаннан кейін кім көрінгеннен жаман сөз естігіміз келмейді. Дүрлігетін болса, жауапкершілікті өзіңіз мойныңызға аласыз ба?" - деді Зайытов.

Министрдің жауабы

"Екінші сұрағыңыз бойынша, мемлекеттік органның бірінші басшысы ретінде жауапкершілікті мойныма аламын.

Бірінші сұрағыңыз бойынша, таксиді біз де бірнеше рет жинадық. Министрлікте де, жеке де жинадық. Шыны керек, алпауыт интернет агрегаттардың қасында олардың құқығын қорғайтын ешкім қалмады. Сондықтан екеуі бір өзін-өзі реттейтін ұйымға мүше болған соң, олардың қабылдаған қағидасында ең алдымен біздің қарапайым жүргізушілер өздерінің құқықтарын қорғайтын талаптарды қоя алады және соны талап ете алады. Сондықтан өзін-өзі басқару - реттеу ұйымы Қазақстанның қарапайым жүргізушілерінің мүддесін қорғауға бағытталған", - деп жауап берді министр.

Қошановтың реакциясы

"Жауапкершілікті алу үшін таксимен жүру керек қой, министр мырза. Зайытов мырза да жүре ме таксимен?" - деді Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов.

Еске салайық, бұған дейін сарапшылармен сөйлесіп, отандық компанияларды дамытуға не кедергі екенін сұрадық. 

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз