- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Жауапкершілік толығымен ата-аналарда...
Жауапкершілік толығымен ата-аналарда – Оқу-ағарту министрлігі Жітіқарадағы бес баланың қазасы жайлы
Оқу-ағарту министрлігіне қарасты Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрайымы Насымжан Оспанова Жітіқарада бес баланың қазасына қатысты пікір білдірді – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Төрайымның сөзінше, елдегі балаларға қатысты трагедиялардың басты жауапкері – ата-аналар.
"Өкінішке қарай, ата-аналар кішкентай балаларды қараусыз қалдырып, оларға назар аудармай, үйлерінен кетіп қалып жатады. Нәтижесінде, осындай қайғылы жағдайлар орын алып жатыр. Ата-аналар бұл оқиға үшін толық жауапты", – деп атап өтті Оспанова.
Сондай-ақ Насымжан Оспанова медиа өкілдерін балалар трагедиясына қатысты ақпараттарды тарату кезінде этикалық нормаларды сақтауға шақырды.
"Қайғылы оқиғаларды әдеби тілмен суреттеп, оқиғаның мән-жайын бүге-шүгесіне дейін жазбауларыңызды сұраймын. Баланың санасы тұрақсыз болғандықтан, түрлі ақпараттар кері әсерін тигізеді. Позитивті оқиғаларды, жақсы жаңалықтарды көбірек таратуға атсалыссаңыздар деген өтінішім бар", – деп пікір білдірді Оспанова.
Айта кетейік, 11 қазан күні Қостанай облысы Жітіқара қаласында өрт салдарынан қараусыз қалған бес бала қаза тапты. Қылмыстық істің тергелуі Бас прокурордың бақылауына алынды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
А. Бақдаулет