Әлемдегі ахуалға зер салсақ, жер қай-қай халықтың да ең басты құндылықтарының бірі екені байқалады. Өйткені көршілес қырғыз бен тәжік қақтығысының бір ұшы әлі күнге шешімін таппаған шекара дауына байланысты екені белгілі. Ресей мен Украина арасындағы шиеленіскен соғыстың да бір шеті осы мәселеге қатысты болып отыр. Тіпті Әзербайжан мен Армения шекарасында да жер мәселесіне байланысты қақтығыс басталған еді.
Тарихта "Мөденің жанды жер" деген аңыз қалған. Осы аңызға сүйенсек, ғұн патшасы Мөде арғымағы мен әйелдерін жауға сыйға тартқан. Ал жерді сұрағанда "халықтікі" деп бағалап, соғыс ашып, қарсыласын ойсырата жеңген. Қазақ халқы да небір нәубетті бастан кешірген. Осы жолда жерге де талай мәрте қауіп төнген. Massaget.kz тілшісі тәуелсіз мемлекет шекарасы қалай бекітілгені туралы қызық деректерді жинады.
Тарихқа шолу
Қазақ жерінде бытырап жүрген ру-тайпаның басын қосып, бір ту астына біріктірген Қазақ хандығы екені мәлім. Тарихта Қазақ хандығының шекарасына Еділден Жайыққа дейін, Сырдария мен Әмудария аралығы, Хорасан жері кірген. ХҮІІ ғасырда Қазақ хандығының шекарасы ұлғая түскен. Осы тұста жерді біріктіруге ұмтылған Жәнібектің ұлы Қасым хан болған.
Алаш зиялыларының да қатысы бар
Тұрсын Жұртбайдың Abai.kz басылымында жарияланған мақаласында қазақ жерінің шегі ХХ ғасыр басында қалай бекітілгені айтылады. Алаш зиялылары - Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейханұлы Ленинге, Сталинге бірнеше мәрте кіріп, 1920 жылы 24 тамызда Қазақстанның ұлттық мемлекеттік шекарасын бекіткен екен. Алайда сол кездегі шекараның 15 пайызы қазір Қазақстан шекарасына тиесілі емес. Соның ішінде Қарақалпақстан, Елек, Алтайдың арғы беті, Жазатыр жоталары бар. 1920 жылғы 26 тамызда Қазақ автономиясын құру және оның жер көлемін белгілеу жөнінде декрет қабылданған. Осы тұста Ленин төрағалық еткен мәжілісте 29 жастағы Әлімхан Ермеков шекара туралы баяндама жасаған. Ол баяндамада Астархань, Орал, Торғай, Ақмола, Семей, Сырдария, Закаспий, Самарқан, Фергана облысы мен губернияларын қамтитын, жалпы көлемі 3 467 922 шаршы шақырым жерді Қазақ республикасының құрамына беруді сұраған. Ал мәжілісте отырғандар Ермековтің айтқандарына толық болмаса да қосылатынын білдірген. Ол өз айтқандырамын Ленинді сендіре білген.
"Тіпті көзбе-көз сөйлесіп, қазақтың уысынан шығып бара жатқан Атырау өңірін де алаш жұртына мәңгіге қайтарып берді. Рас, Сібір ревкомы 1922 жылға дейін солтүстік облыстарды Қазақстанға қоспауға тырысып бақты. Бірақ ақыры көнген еді. Осылайша Алаш арыстары тұғыш рет алаш жұртының шекарасын ресми түрде бектіп алды", - деп жазған Тұрсын Жұртбай мақаласында.
Солтүстікті қызғыштай қорыған Тәшенов
Бүгінде белгілі мемлекет, қоғам қайраткері болған Жұмабек Тәшеновті білетін адам аз. Кеңес Одағы тұсында бірінші хатшы болған Хрущев солтүстіктегі 5 облысты (Ақмола, Көкшетау, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан) біріктіріп, оны "Тың өлкесі" деп атап, Ресейге қосуды жоспарлаған. Ашық дереккөз деректерінде ол осы аймақтың басшысы етіп өз адамын жібергені айтылады. Ал сол кезде Қазақ КСР министрлер кеңесінің төрағасы болған Жұмабек Тәшенов 1960 жылы күзде "Тың өлкесінің" орталығы саналған Целиноградқа барған. Ол Жоспарлау комитетіне келесі жылдың бюджетіне қажет мәліметтерді бермей, бассыздық жасағаны үшін Хрущев жіберген Т.Соколовты қызметінен алып 24 сағаттың ішінде Қазақстаннан қуып жіберетінін және "Тың өлкесі" ешқашан Ресейге берілмейтінін жеткізген. Кейін Алматыда Үкімет мәжілісінде келесі жылдың халық шаруашылық жоспары қаралып жатқанда, Тың өлкелік атқару комитетінің төрағасының бірінші орынбасары болған А.И. Козлов та қыр көрсеткен. Осы кезде Жұмабек Тәшенов тың өлкесі Қазақстан құрамында екенін, ал Қазақстанды оның Орталық партия комитеті мен Үкіметі басқаратынын айтады. Осылайша, Козловқа партиядан шығарылатынын жеткізеді. Деректерде бұған дейін Н.Хрущевтің қырына ілігіп, қызметінен төмендетіліп Мәскеуден Қазақстанға жіберілген А.Козлов сол жерде кешірім сұрағаны келтіріледі. Осылайша, Қазақстанның солтүстік өңірі Қазақстан еншісінде қалған.
"Тоқаев араласқан". ШҚО жері қалай бөлінген?
Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев "Штрихи к портрету" деректі фильмінде Қытай мен Қазақстан арасындағы шекара мәселесі бойынша келіссөз 12 жылға созылғанын айтқан еді.
"Басында Қытаймен шекараласатын Ресей, Қазақстан, Қырғызстан мен Тәжікстан төрт ел бірігіп, осы мәселені шешпек болдық. Келіссөз ұзақ жыл бойы жүрді. Тәуелсіздік жылдарын есептесек, 12 жыл келіссөз жүрді. Басқалар туралы айтпай-ақ қояйын, өзімізге келер болсақ, Қытаймен шекара туралы төраға Цзян Цзэминьмен бірге құжатқа қол қойдым", - деген еді Нұрсұлтан Назарбаев.
Оның айтуынша, сол кезде белгіленбеген шекара мәселесіне Қазақстанның қазіргі Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев араласқан.
"Белгіленбеген бірнеше шақырымдық шекара қалды. Картографикалық аналогы сақталмаған, біз оны таптық, бірақ сипаттамасында Қытайдың не Кеңес Одағының жері екені жазылмаған. Осы мәселеге тап болып, зерттей бастадық. Құмды, тасты дала, қазба байлығы жоқ, мал асырауға да ыңғайсыз. Шекара қалай жүретінін талқыладық. Сол кезде Тоқаев делегация құрамында еді, ол басқалардан жақсырақ болды. Тоқаев араласып, көп жұмыс істеп, бір пәтуаға келді. Келісіп, құжатқа қол қойды", - деді Назарбаев.
Даудың басы қайдан басталған?
Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбавтың сөзіне сүйенсек, жерге қатысы мәселе Кеңес Одағы тұсында да болған. 1969 жылғы көктемде кеңес-қытай шекарасында, дәлірек, Ресейдің Қиыр Шығысындағы Даманск аралы үшін қақтығыс басталған. Ал осы жылдың 13 тамызында Жалаңашкөлде қақтығыс болған. Хабар телеарнасының сюжетінде қарулы қақтығыс 07:55-те басталғаны, ол 1 сағат 5 минутқа созылғаны айтылады. Қытай тарапы сан жағынан басымдыққа ие болса да, бірнеше адамынан айырылып, шегінуге мәжбүр болған. Осылайша, 50 шақты сарбаз өз жеріне ешкімді кіргізбей, қаруланған 200-ден аса шекара бұзушыны аумақтан қуып шыққан.
ҚР ҰҚК шекара қызметінің ардагері Тұрсын Уажанов сұхбаттарының бірінде осы мәселе туралы айтқан.
"Бұл қақтығыстың себебі – жер мәселесі. Шекара белгіленбеген. Сондықтан даулы жерлер көп болды. Шығыс аймағында да белгіленбеген жерлер болған. Соның бірі осы Жалаңашкөлде еді", - деген ол.
Оңтүстік өңір туралы: "Жатын бөлме өзбек жағында, асүй қазақ жағында"
Қазақстан бес мемлекетпен шектеседі. Соның ішінде Өзбекстанмен 2354 шақырымда шектеседі. Нұрсұлтан Назарбаев Өзбекстанмен шекараның бөлінуі туралы да айтқан еді.
"Өзбекстанмен шекараның үйге де әсері болды. Жатын бөлме өзбек жағында, ал асүй қазақ жағында қалған. Тек қазақтар тұратын ауылдар Қазақстанда өмір сүргісі келді, бірақ олар өзбек жағында еді. Бірақ қазақтар Қазақстанда тұрғысы келетін жағдай көп болды. Не істеу керек еді? Мен "шеңбер сызайық, сол шеңберді басқа жерден берейік" дедім. Осылайша, ол жерде де мәселелер шешілді. ...КСРО ыдыраған кезде, Оңтүстік Қазақстанда Мақтаарал ауданы Өзбекстан аумағына толық еніп кеткен еді. Шардара су қоймасы да, бөгеттің өзі өзбек жағында болды. Бұл жанжалдың басы болар еді. Су қоймасы бізде, ал қалғанының бәрі оларда болды. Келісілді", - деген еді ол.
Батыс өңірі: Каспийге қатысты дау 20 жыл бойы шешілмеген
Назарбаев Каспий теңізі аумағының бөлінуі туралы айтты. Оның айтуынша, Каспий мәселесі 20 жылға жуық уақыт бойы шешілген.
"КСРО ыдыраған кезде кезде бір сызық болды: Одақтың барлық мемлекеті мен Иран. Келіссөздер жүргізіліп, Ақтауда қол қойдық, нақты белгіледік. Бұл көл ме, теңіз бе, деген мәселені ұзақ уақыт талқыладық. Көл болса, басқаша шешіледі, теңіз болса, басқаша шешіледі. 16 миль әр мемлекеттің шекарасы деп, тағы 10 мильді экономикалық балық аулау аймағы және ортасындағы аумақ ортақ деп шештік. Бұл теңізге басқа елдер кірмеуі керек. Мен барлық мемлекет басшысымен бірнеше рет кездестім, енді тыныш жұмыс істеп жатырмыз", - деген еді ол.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!