- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Жаттығу алдында макияжды...
Жаттығу алдында макияжды жумаса, терінің жағдайы не болады?
Қыздардың көпшілігі спортзалға макияжбен барады. Өйткені жаттығу жұмыс күнінен кейін болып жатады. Алайда ғалымдар косметиканы жуу керек екенін, әйтпесе теріге қатты әсер ету қаупі барын айтады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі doctorpiter.ru-ға сілтеме жасап.
Корея мен АҚШ зерттеушілері макияжды кетірмей жаттығу жасаса, адамның терісі қандай күйде болатынын анықтауға тырысқан. Ол үшін сарапшылар жоғару оқу орындарының 43 студентін тәжірибе жасауға шақырған. Эксперимент үшін олардың тек 23-і қыздар болған. Өйткені ғалымдар косметиканың ерлер мен әйелдердің терісіне әсер етуінде қандай да бір айырмашылық бар-жоғын тексергісі келіпті. Олардың орташа жасы 26-да болған.
Алдымен қатысушылар денсаулыққа қатысты маңызды мәселелер жоқтығын растау үшін арнайы сауалнамалар толтырған. Кейін ғалымдар қыздардың бетін мицеллярлық сумен тазартып, арнайы құрал көмегімен терінің ылғалдылығын, майлылығын, сондай-ақ, тері тесігінің мөлшерін өлшепті.
Осыдан кейін барлық қатысушының бетінің жартысына тоналды крем жағылған. Екіншісі таза болып қалған. Дайын болған кезде еріктілер жаттығуды бастаған. Олардың әрқайсы 20 минут жүгірген.
Нәтижесінде спортпен шұғылданғаннан кейін барлық қатысушының бет терісі ылғалды болғаны анықталған. Алайда тоналды крем болған бөлікте әсер әлдеқайда көрінген. Демек, макияж терідегі ылғалдың булануына кедергі келтіріп отыр.
Ғалымдар жаттығудан кейін ерлердің де, әйелдердің де бетіндегі тері тесігі кеңейгенін байқапты. Алайда тоналды крем болған жерде тері тесігі едәуір кеңейе түскен. Мұның бәрі безеулер мен қара нүктелердің пайда болуына себеп болады.
Зерттеушілер мынадай қорытынды жасады: жаттығу кезінде макияж ылғалдың булануына кедергі келтіреді, тері тесігін кеңейтеді және майдың қалыпты өндірілуіне кедергі келтіреді. Мұның бәрі терінің сұлулығы мен саулығына теріс әсер етеді.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Ж. Қадыржанова