Алматыда студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету бойынша Ахуал орталығы ашылды. Ол Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің базасында жұмыс істейді. Орталыққа +7 (727)2370170 нөмірі арқылы хабарласуға болады. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Орталық университеттің Бөгенбай батыр көшесі, 142 мекенжайында орналасқан. Министрлік мәліметінше, бұл бастама Ғылым және жоғары білім министрлігі мен қала әкімдігіне тиесілі.
"Жатақханадан орын ала алмаған студенттер Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің базасында ашылған Ахуал орталығының көмегіне жүгіне алады. Сондай-ақ Алматыда бос орын таба алмай қиын жағдайға тап болған студенттерге университеттермен бірлесе төтенше жағдайға арналған 55 арнайы бөлме дайындадық", – деді Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.
Орталықта бір мезетте бірнеше студенттің өтінішін қабылдай алатын 10 телефон желісі жұмыс істейді. Компьютерлер цифрлық деректер базасына қосылған.
Министрдің айтуы бойынша, жатақхана мәселесін шешу үшін елімізде арнайы нормативтік субсидиялар ұлғайтылды, жекеменшік мердігерлерді, компанияларды тартып, 5 жылдың ішінде 400-ден астам жатақхана салынды.
Бұған дейін Алматы прокуратурасы Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетіне (ҚазҰТЗУ) жатақхананың қайтарылғанын хабарлаған еді. Ғимарат бұрын заңсыз иеліктен шығарылып, студенттер басқа жерде тұрып жатқанда, ол бизнес мақсатында жалға беріліп келген.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
С. Бөлек