• 496.66
  • 490.7
  • 5.54

“Жасыратын түгіміз жоқ“. Бозымбаев Ақтауда апатқа ұшыраған ұшақтың қара жәшіктері туралы

“Жасыратын түгіміз жоқ“. Бозымбаев Ақтауда апатқа ұшыраған ұшақтың қара жәшіктері туралы
Фото: ТЖМ баспасөз қызметі

Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Ақтауда апатқа ұшыраған Azerbaijan Airlines (AZAL) ұшағының қара жәшіктеріндегі деректер қаншалық сақталғанын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бозымбаевтың сөзінше, қазір сарапшылар жұмыс істеп жатыр.

"Қара жәшіктер ашылып, Қазақстанға қайтарылды, Бас прокуратураның қолдауымен тергеу тобында. Қазір сарапшылар жұмыс істеп жатыр. Бұл материалдардың көшірмелері Әзербайжан тарапында да, Ресей тарапында да бар. Жасыратын түгіміз жоқ", - деді вице-премьер Үкіметтегі брифингте.

Айта кетейік, бұған дейін Ақтаудағы ұшақ апатына қатысты алдын ала тергеу қашан аяқталатыны белгілі болды. 

Ақтаудағы ұшақ апаты туралы не белгілі?

Еске салайық, 25 желтоқсанда Ақтау маңында Бакуден Грозныйға ұшып бара жатқан ұшақ апатқа ұшырады. Бұл - Azerbaijan Airlines әуе компаниясына тиесілі Embraer 190 ұшағы. Ұшақ бортында 67 адам, оның ішінде 5 экипаж мүшесі болған.

Кейінірек Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрлігі өкілдері оқиға орнына барды. Құтқарушылар жеткен кезде ұшақ жанып жатқан.

Қазақстанның Көлік министрлігі де төтенше жағдайға байланысты мәлімдеме жасады. Ал әлеуметтік желіде оқиға орнынан видеолар тарады.

Кейінірек ТЖМ оқиға орнындағы өрт сөндірілгенін хабарлады. Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай ұшақ апаты болған жерге барды. 

Көлік министрлігі ұшақ бортында болған адамдар жөнінде алдын ала мынадай ақпарат жариялады: бортта 37 Әзербайжан, 6 Қазақстан, 3 Қырғызстан, 16 РФ азаматы болған.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен ұшақ апатына қатысты комиссия құрылды. Комиссия құрамына премьер-министрдің орынбасары, Маңғыстау облысының әкімі, төтенше жағдайлар, көлік, сыртқы істер, ішкі істер, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау министрліктерінің басшылығы, Бас көлік прокуроры кірді.

Көліктегі полиция департаменті төтенше жағдайға байланысты қылмыстық іс қозғады.

Ақтау маңындағы ұшақ апатынан аман қалғандардың видеосы тарады.

Ал Azerbaijan Airlines жолаушылардың тізімін жариялады. Аман қалған 29 адам бар, оның ішінде 2-еуі - бала.

Ақтаудағы ұшақ апатына қатысты Бас прокуратура мәлімдеме жасап, оқиға орнына елдің Бас көлік прокуроры барғанын хабарлады. Қылмыстық іс Қазақстан Республикасы Бас прокурорының ерекше бақылауында.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевке көңіл айтып, мемлекеттік комиссия тиісті шаралар қабылдап, Әзербайжан тарапына көмек көрсететінін мәлімдеді.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова