"Жасыңыз келді ғой". Арыста 40 жылдан бері трактор айдап келе жатқан әйел балаларын "тыңдамай" жүр

"Жасыңыз келді ғой". Арыста 40 жылдан бері трактор айдап келе жатқан әйел балаларын "тыңдамай" жүр
Фото: otyrar.kz

Түркістан облысы Арыс қаласының тұрғыны Алтын Құттыбайқызының жасы 60-қа таяған. 40 жылдан бері трактор айдап келеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі otyrar.kz-ке сілтеме жасап.

Алтын Құттыбайқызы 1980 жылы Шымкентте "пошта операторы" мамандығы бойынша білім алған. Кейін Ташкенттегі техникумда білімін жетілдіреді. Ауылына келген соң мамандығы бойынша жұмыс таба алмай, 3 айлық трактор жүргізу курсынан өткен. Ол 21 жасында K-700 тракторын айдаған.

"Мен трактор жүргізуді үйреніп келіп, жұмысыма кіріскен кезде трактор айдайтындардың бәрі шағын денелі кісілер болды. Сондай кіп-кішкентай болып, үлкен тракторды қалай тізгіндеп жүр деп таңғалатынмын. Сөйтсем, жүргізу оп-оңай екен. Мұның ауыр және жеңіл жүрген кезде жылдамдығы басқаша болады. Режиммен жүреді. Оны меңгеру үшін асқан жауапкершілік керек. Мен басында уайымдағаныммен, барлық ережені тез жаттап алдым", - деді Алтын Құттыбайқызы.

Көпбалалы ана КСРО заманында күні-түні совхоздың жерін жыртып, еңбек етеді. Кейін ауылдасына тұрмысқа шыққан екен. Ата-енесі трактор айдауына қарсы болмаған. Келін болып түскен үйіне тракторымен бірге барғандықтан, "тракторшы келін" атаныпты.  Үйдің де, түздің де шаруасын дөңгелетіп отыр. 

"Бір трактормен бар болса, бір отбасын асырауға болады. Баяғыда мұның табысы жақсы еді. Қазір басқа да ауыр көліктер шықты. Бірақ менің әлі күнге дейін трактор айдағым келіп тұрады. Сол үшін тапсырыс ала беремін. Балаларым "Қойыңызшы енді, жасыңыз келді ғой, үйде отыр" дейді. Мен онда тұрған ештеңе жоқ, өзім жақсы көретін жұмысыммен айналысып жүргенімді айтамын. Бір жағынан жақсы көретін жұмысымды істесем, екінші жағынан қосымша табыс табамын. Мұның несі жаман? Шөп те орамын, су да, көмір де тасимын. Қажетімізге жарап тұрған затты пайдалану керек қой. Сондықтан еңбектену керек", - дейді Арыс тұрғыны.

Алтын Құттыбайқызы трактордың рөліне отырғалы қиын да қызық естелігі көп болған. Солардың бірін бөлісті.

"Трактор айдайтын қыздар көп емес қой. Мен алғаш трактор тізгіндеп жүргенде жалғыз емес едім. Қасымда Ақмарал деген қыз болды. 1984 жылы оны көрші ауылдың жігіті алып қашты. Сол кезде бұл жаңалықты ести сала, трактормен қуып барған едім. Трактордың артында үлкен соқасы бар. Сол соқамен барғам ғой. Ашуланып, топырақ жолды шаңдатып, қуып  барсам, құрбым "осы босағада қаламын" деді. Не істей аласың? Амал жоқ, бақыт тілеп кері қайттым. Бірақ барған жері ол қызды трактор айдауға қайта жібермей қойды. Содан кейін мен ауылдағы жалғыз "тракторшы келін" атандым", - дейді ол.

Алтын Құттыбайқызы 10 ұл-қызды дүниеге әкелген. Жолдасы да сүйікті ісімен айналысуына тыйым салмаған. Сол үшін өмірлік жарына айтар алғысы шексіз. Көпбалалы ана поштада да жұмыс істеген. 15 жылдай уақыт аспаз да болған. Тіпті аудандық мәслихат депутаты да болып, ауылдың талай мәселесін көтеріп, шешілуіне ықпал еткен екен, бірақ бәрібір трактор рөлінен бас тартпаған.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

М. Лұқпан