Қазақстандағы ең жас адвокат Аида Өтесін құқық саласында қазақ тілінің орны, бұл саладағы білім беру сапасы, жас ерекшелігіне байланысты қысым туралы Massaget.kz тілшісіне сұхбат берді.
Адвокат Аида Өтесін небәрі 23 жаста. Адвокаттық лицензия алғанына 2 жыл болған. Қазір кейіпкер - Maqsut Narikbayev University-де ең жас лектор. Адвокат бұл саланы не үшін таңдағанын және оған кім әсер еткенін айтты.
"Менің ата-әжелерім оқытушы болған. Мен әжемнің тәрбиесінде өстім. Содан болар, бала кезімнен ұстаз болсам деп армандайтынмын. Сол үшін адвокат болумен қатар жоғарғы оқу орнындағы лектор қызметін қатар алып жүруді жөн санадым. Бұл Қазақстан заңнамасында рұқсат етілген. Қазір мен - Maqsut Narikbayev University ең жас лекторларының бірімін. Университетіміздің стратегиялық мақсаттарының бірі - қазақша құқықтық білімнің сапасын арттыру", - дейді кейіпкер.
Адвокаттың айтуынша, қызмет бабында жас ерекшелігіне байланысты түрлі қысым көрген.
"Адвокаттық қызметімде жас ерекшелігіне байланысты қысым көрдім. Бірақ ол - Қазақстанның әр мекемесінде бар зат. Себебі бізде, өкінішке қарай, жас мамандарды тарту, оларды қолдау мәдениеті әлі толық қалыптаспаған. Ал лектор ретінде жасыма байланысты кейде сұрақтар туындайды. Студенттер тым жас лекторды басқаша қабылдайды, бірақ ол айтарлықтай мәселе тудырып отырған жоқ", - дейді адвокат.
Аида Өтесін танымал адвокаттармен жұмыс істеу тәжірибесі туралы айтты.
"Мен 2 жыл танымал адвокат Джохар Өтебековпен жұмыс істедім. Ол кісіден көп тәжірибе жинадым, менің менторым болды. Маған адвокаттық қызметтің қыр-сырын үйретті. Кейін бөлек шығуды дұрыс санадым, қазір өзіме жұмыс істеймін. Мансаптың алғашқы жылдарында осындай жақсы ментор табу - өте маңызды. Оның арқасында қай жерде дұрыс әрекет ету керек, не нәрсеге мән беру керек, сенімділік, сондай-ақ, тәуекелдерден қорықпауға көмектеседі. Сондықтан жас адвокаттарға ментормен 1-2 жыл жұмыс істеуге кеңес беремін", - дейді ол.
Аида Өтесін құқық саласындағы қазақ тілінде білім беру сапасын көтергісі келетінін айтты.
"Лицензия алғаныма 2 жыл өтсе де, құқық нарығында жұмыс өтілім - 5 жылға жуық уақыт. Қазір құқық нарығында кадр тапшылығы мәселесі бар. Алайда әр жыл сайын Қазақстанның құқық мектептерінен 10 мыңға жуық "заңгерлер" шығады. Демек бұл жерде білім беру сапасына қатысты сұрақ туындайды. Оның ішінде мені қазақ тілінде білім алу қатты алаңдатады. Себебі жылдан жылға қазақ мектептерін бітіретін түлектер саны артып жатыр. Олар жоғарғы оқу орындарында сапалы білім ала алмағандықтан, нарықта өз орнын таба алмайды. Соның салдарынан жұмыссыздық сынды мемлекет деңгейіндегі мәселелер туындайды", - дейді ол.
Кейіпкердің айтуынша, құқық нарығы негізінен орыс тілді, сондықтан 1-2 жылда тілге қатысты қандай да бір нәтиже көрсету мүмкін емес. Дегенмен заң қазақшаланса, нарықта қазақ тілді қызметке сұраныс артса, жұмыстың нәтижесін байқауға болады.
Кейіпкер Қазақстандағы заңнамада қазақ тілінің мәртебесі қандай екенін айтты.
"Әрине, қазір Қазақстанда заңдар негізінен орысша қабылданады. Кейін қазақшаға аударылады. Ал аударылған кезде көбіне заңгерлер емес, филологтар жұмыс істегендіктен, терминологиялық қате көп. Осыған байланысты біздің университетте терминологияға қатысты бір топ адам жұмыс істеп жатырмыз. Алдағы уақытта сөздік, басқа да оқу құралдары шығуы керек. Сенатта, Мәжілісте отырған, біз үміт артқан азаматтар осыны ұғынып, заң жобаларын қазақша қабылдауға шешім қабылдауы керек. Әйтпесе, бұл - жылдан жылға созылып келе жатқан мәселе. Бұл - өте ұят нәрсе. Болашақ менің және менің әріптестерімнің қолымызда. Біздің ниетіміз - заңды қазақшаландыру, бұйырса соған қол жеткіземіз", - дейді ол.
Аида Өтесіннің айтуынша, бір күні орыс тіліндегі заңдардың қажеті болмай қалуы мүмкін.
"Ескеретін жайт, қазақ тілді демографияның өсіп келе жатқаны. Сәйкесінше, біздің қазір орыс тілінде жазып жатқан заңдарымыз бір күні жұмыс істемей қалады, себебі Қазақстанда орысша білмейтін адамдар саны көбейіп келе жатыр. Тек қазақ тілінде сөйлейтіндер бір күні заңның қазақшалануын талап ететін болады. Сол үшін жұмысты қазір бастау керек. Қазақша заң қабылдау, заң туралы контентті қазақшаландыру, қазақ тіліндегі білім сапасын арттыру керек", - дейді кейіпкер.
Кейіпкер адвокат мамандығын таңдаған жасөспірімдерге бірнеше кеңес берді.
"Менің ойымша, мықты маман болу үшін университеттен үш тілді меңгеріп шығу керек. Одан басқа, адамның жұмыс істеу қабілеті, заңгер сынды ойлау жүйесі қалыптасқан болуы керек. Осы орайда мен біраз жобаларды іске асырамын", - дейді Аида Өтесін.
Кейіпкер жақында "ТалқыLAW" (құқықты қазақша сөйлетейік - еск.) деген әлеуметтік жоба бастаған. Жоба атауындағы LAW сөзі "заң", "құқық" деген мағынаны білдіреді. Сәйкесінше бұл жоба аясында құқық саласында өзекті болып отырған сан алуан мәселелерді қазақша талқыланбақ.
Аида Өтесіннің айтуынша, жоба 3 бағытта жүреді: қоғамның құқықтық санасы мен мәдениетін көтеруге ықпал ету; құқық мектебі студенттерінің Soft дағдыларын көтеруге ықпал ету; құқықтық практика және теория мәселелерінің шешімдерін табу.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз