Францияның бір топ инженері желдің көмегімен электр энериясын өндіретін жасанды ағаш құрастырды. Жаңа инновациялық құрылғы дыбыссыз жұмыс істейді әрі желдің жылдамдығы өте төмен болса да энергия қуатымен қамтамасыз ете алады.
«Желсіз күнде жапырақтардың қимылдаған сыбыры маған осы идеяны берді. Энергия ауадан алынып, тікелей тұтынушыға ұсынылады», - дейді Wind Tree жобасының авторы Жером Мишо-Ларивьер. Автор 2015 жылға қарай экологиялық таза электростанция салуды жоспарлап отыр.
Аталған аппарат жел энергиясын электр қуатына айналдыратын жапырақ тәрізді пластиналармен қапталған. Оның ең бір артықшылығы дыбыссыз жұмыс істеуінде болып отыр. Жасанды ағаштың алғашқы прототипін жасауға инженерлер 3 жыл жұмсаған. Ол Атлант мұхитының жылы желіне бағытталып, Францияның солтүстік-батысындағы Племер-Боду коммунасында қондырылды. Өнертапқыш кішкене генератордың болашақта әрбір үйдің ауласында болуын мақсат етеді екен.
Wind Tree аппаратының құны – 30 мың еуро. Жеромның айтуынша, өзі жинақтаған жасыл технологиясы қазіргі кезде қолда бар жел генераторларынан әлдеқайда ұтымды жұмыс істейді. Себебі Wind Tree секундына 4 метр жылдамдықтағы желден де өнім ала алады.
Айта кетсек, әзірге патенттелген өнімнің жоспарлы сатылымға шығу мерзімі айтыла қоймады. Дегенмен, оның құны жарияланғандықтан, жеке мақсатта тапсырыс беруге болады.
Сурет: www.diregiovani.it