“Жастығының астына пышақ қойып ұйықтап жүрген“. Алматы облысында жасөспірім атасы тиіскенін айтты

Алматы облысында алпысты алқымдаған ер адам өгей немересіне қол жүгіртті деген күдікке ілінді. Қыздың анасының айтуынша, қайын атасы екі айдан бері 15 жастағы оқушының кеудесі мен санын сипап, түрлі ұятсыз видео көрсеткен, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "КТК" телеарнасына сілтеме жасап. 

Телеарна мәліметінше, жасөспірім 62 жастағы ер адамның бұл қылығын анасына айта алмай жүрген.

"Әбден қорыққаны сонша - жастығының астына пышақ қойып жатуды әдетке айналдырған. Анасы кейінгі кездері қызының мінезі өзгеріп кеткенін байқап, психологтың көмегіне жүгінеді. Сол кезде қыз болған жағдайды маманға айтқан", - деп жазылған арна дерегінде.

Енді әйел қайын атасы жазалануын талап етіп отыр.

"Оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты, толық анықтауға бағытталған тергеу жүргізіліп жатыр. Тергеу барысында оқиғаға қатысы бар барлық адамның уәжі мен түсініктемелері мұқият тексеріліп, тиісті процессуалдық әрекет тағайындалды. Тергеу Алматы облысы Полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында", - деді Алматы облысы ПД ресми өкілі Ернар Сәйділдин.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!