Түркістан облысы ПД қызметкерлері жастар арасындағы қылмыстар мен құқықбұзушылықтардың алдын алу мақсатында облысқа қарасты әр аумақта кездесулер өткізуде. Облыста жарияланған "профилактика жылы" аясында 17 аудандағы полиция бөлімдерінің бастықтары құзыретті органдармен бірлесіп жастармен, ақсақалдармен, жергілікті тұрғындармен, мектеп ұжымдарымен, ата-аналармен және ойын-сауық мекемелерінің иелерімен кездесуде.
Бірінші кездесу Ордабасы ауданында өтті. Оған 400-ге жуық жергілікті тұрғын мен жастар қатысты. Кездесуде облыстық полиция, прокуратура басшылығы, ауыл ақсақалдары мен мұғалімдер сөз сөйлеп, өз пікірлерімен бөлісті, жастарды қолдау, идеологиялық шараларды күшейту, спорт залдарының санын көбейту және жастарды қоғамдық жұмыстарға тарту бағыттарын атап өтті.
Сондай-ақ кездесуде жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылық пен қылмыс түрлері, құмар ойындар, лудомания, есірткінің алдын алу тақырыбында сөз қозғалды. Яғни жастарға лудомания, нашақорлық жайлы деректі фильмдер көрсету арқылы осы әрекеттердің соңы немен аяқталатыны ұғындырылды. Кездесу соңында жастарға аталған теріс қылықтар орын алған жағдайда тәртіп сақшыларына хабарласу керек екендігі ескертіліп, ата-аналар тарапынан полиция қызметкерлеріне алғыс білдірілді.
Айта кету керек, бүгінгі таңда облыс полициясы кәмелетке толмағандарға қатысты 800-ге жуық құқықбұзушылықты анықтап, 500-ден астам жасөспірімді есепке алды, олармен тәрбие жұмыстары жүргізілуде.
Сонымен қатар полиция 1700 қоғамдық көмекшімен бірлесіп, профилактикалық жұмыстарды жүргізуде.
Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі ұсынған материал
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!