Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллект саласында тәжірибе алмасатын тұрақты механизм қалыптастыру бастамасын көтерді. Бұл туралы Президент ТМД мемлекеттері басшылары кеңесінің отырысында мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Мемлекет басшысы цифрландыру рөлі артып, жасанды интеллектіні немесе суперинтеллектіні қолдану аясы кеңейіп келе жатқанына назар аударды. Президенттің пайымдауынша, жаңа технологияларды игеріп, төл әзірлемелер енгізу ТМД елдері экономикасының бәсекеге қабілетін айқындайтын негізгі фактор болмақ.
Бұл ретте Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллект стратегиясы, заңнама, мемлекеттік қолдау шаралары бойынша тәжірибе алмасатын тұрақты механизм қалыптастыру бастамасын көтерді. Оған ғылыми орталықтар, университеттер, компаниялар мен стартаптар қатыса алады. Сондай-ақ, Президент келесі жылдың алғашқы тоқсанында Астанада ЖИ саласы мамандарының ТМД аясындағы арнайы форумын өткізуді ұсынды.
Мемлекет басшысы мәдени-гуманитарлық байланыстарды күшейтудің маңызына тоқталды.
"Қазақстанның ұсынысымен ТМД мемлекеттері басшыларының мәдениет саласындағы ынтымақтастықты дамыту туралы мәлімдемесі қабылданды. Тамызда тұңғыш рет Астанада ТМД волонтерлер форумы өтті. Осы арада волонтерлік ұғымы немесе ізгі істер саясаты жаңа Конституциямызда көрініс тапқанын атап өткім келеді. Яғни волонтерлер конституциялық мәртебеге ие болды, соған сәйкес олардың қызметіне ерекше қамқорлық көрсетіледі. Бастамаларымызға әрдайым қолдау білдіретін әріптестеріме және ТМД елдері үкіметтерінің басшыларына алғыс айтамын. Елдеріміз арасындағы қарым-қатынаста орыс тілінің атқаратын рөлін атап өткен маңызды. Орыс тілі өзара түсінісуге, білім беру, ғылым салаларындағы серіктестік пен адамдар арасындағы байланыс кеңеюіне ықпал етіп келеді. Бұл - айдан анық дүние. Сондықтан қадірлі әріптестерімді Халықаралық орыс тілі ұйымының қызметін қолдауға шақырамын. Дүние жүзінде орыс тілін әр түрлі деңгейде меңгерген 300 миллионға жуық халық бар. Сондықтан бұл ұйымның келешегі жарқын. Мен бұған сенімдімін. Сонымен қатар, ТМД елдерінің тілдері мен мәдени әралуандығын көздің қарашығындай сақтап, бүкіл халықтың тарихына, дәстүрі мен мәдениетіне құрметпен қарау аса маңызды. Бізге халықтарымыздың достығына арқау болатын жаңа ынтымақтастық жолдарын іздеу қажет. Жастардың оқуға құштарлығына қолдау білдіру өте өзекті. Себебі артық білім – кітапта. Кітап оқыған адам ғана білімді, парасатты тұлға болып қалыптасып, өмірден өз орнын табады. Интернет үстемдік құрған, TikTok менталитеті секілді құбылыс пайда болып, жастардың мінез-құлқы өзгерген заманда бұған мән бермесе болмайды", - деді Тоқаев.
Қазақстанда Ұлттық кітап күні белгіленді. "Ұлт оқитын 100 кітап" жобасы іске асырылып жатыр.
"Осы идеяны әрі қарай өрбітіп, халықтарымыздың әдеби жауһарларынан құралған "ТМД кітапханасының алтын қорын" жасауды ұсынамын. Бұл қорды құрылысы келесі жылдың орта шенінде аяқталатын Астанадағы Президент кітапханасында орналастыруға болар еді. Жоба аясында кәсіби аударманы да қамтып, көпшілік еркін пайдаланатын цифрлық кітапхана жасақтауға болады. Үздік әдеби шығармаларды насихаттау арқылы Достастық халықтарының тарихын, мәдениетін және рухани мұрасын зерделеу мүмкіндігі жастарымыздың өзара түсіністігіне жол ашатыны, ең бастысы, қазіргі құбылмалы заманда ынтымағымызды нығайта түсетіні сөзсіз", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!