Салалық журналистика – белгілі бір саланы игеріп, оның барлық қыр-сырын зерттеп, дәл бір бағытта мұқият жаза білу. Бірақ та, неліктен салалық журналистика әмбебап журналистикадан гөрі қоғам үшін тиімді саналады? "Заң газетінің" бас редакторы Айнұр Сембаева Massaget.kz журналистінің сауалына жауап қатты.
"Заң газеті" мемлекеттік тілде қоғамдық-саяси және құқтық бағытта жазатын басылымдардың көш басында. Тарихы сонау 1994 жылдан бастау алатын басылымға биыл - 30 жыл. Құрылуына белгілі заңгер, мемлекет және саясат қайраткері Нағашбай Аманғалиұлы себепкер болған басылым бүгінгі күнге дейін оқырмандарын сапалы материалдарымен қуантып келеді.
Құқықтық мақалалар жазуда кемшілік бар
"Заң газеті", тек құқық және заң саласы туралы ғана жазатын сияқты көрінгенімен, олай емес. Отыз жылға жуық тарихы бар басылым кез келген қоғамдық-саяси, әлеуметтік мәселелерді, қоғамдық талқылауларды белсене көтеріп, терең зерттеу жүргізіп келеді.
"Басылымның басты ерекшелігі – мақалаларда мәселенің құқықтық тұрғыдан талдауға жіті назар аударатыны. Әсіресе, оқырмандардан келіп түсетін хаттар бойынша және журналистік зерттеулерде мәселенің құқықтық жағын тереңдете зерттейміз", - дейді "Заң газетінің" бас редакторы Айнұр Сембаева
Құқықтық тақырыптарды қамтудағы сын мен қателер
Айнұр Сембаева бұқаралық ақпарат құралдарында дөрекі, сауатсыз материалдар жиі кездесетінін айтады. Әсіресе зардап шеккендердің фотосуреттерін жасырмай ұсыну, балалардың аты-жөнін, жасын, тұрғылықты жерін көрсетіп, мақалалар жариялау адамгершілікке жатпайды дейді.
"Еске алсақ, бір кездері билік бір реттік қайырымдылық акциясын өткізіп, балаларға қажет заттарын алып сыйлық жасаған. Оның есеп суреті БАҚ беттерін кезіп кеткен-ді. Алайда өзге жасөспірімдер қатыгездік танытып, алған ақпаратты өз құрбыларына қарсы пайдаланған. Мәселеге қатысты халықтың алдында мәселені көтеріп, заңды жауапкершілікті түсіндіру арқылылы "үгіт-насихатшылармен" жұмыс жасаған едік", - дейді Айнұр Сембаева мәселенің өзектілігін алға тарта.
Айнұр Сембаева оныме қоса бүгінде БАҚ-ның зорлық-зомбылық көрген балалардың суреттерін жариялауды жалғастырып жатқанын сынға алды.
"Бұл үшін жауапкершілік бұрынғыдан да ауыр, өйткені басылымдар ақпараттық платформаларда жылдар бойы сақталады. Бұл материалдар болашақта баланың өмірін өзгертпейтініне ешкім кепілдік бере алмайды. Бұл сауаттылықтың емес, құқықтық мәдениеттің жоқтығын көрсетеді",-дайді Айнұр Сембаева
Жас журналистерге кеңес
Бас редакотор жас журналистерге мәселенің заңдық, құқықтық жағын жазбас бұрын әрбір фактіге адами көзқараспен қарап, моральдық сараптама жүргізуге кеңес береді.
"Жоғары оқу орнын енді ғана тәмамдаған жас мамандардың барлығы бірден құқықтық тақырыптарды сауатты жазып кете алмасы анық. Бұл дағды тәжірибе негізінде қалыптасады, сондықтан сапалы контент жасау үшін жастардың қызмет саласына бейімделуі өте маңызды",-деп түйіндеді Айнұр Сембаева
Белгілі бір саладағы терең білімге ден қоятын салалық журналистика қоғам үшін өзінің жоғары құндылығын көрсетеді. "Заң" газетінің бас редакторы Айнұр Сембаева бұл әдіс өзекті қоғамдық-саяси және құқықтық тақырыптарды қамтып қана қоймай, қоғамдық талқылауға септігін тигізетін терең зерттеулер жүргізуге мүмкіндік беретінін баса айтады. Оқиғаларды сапалы және сенімді көрсетуде салалық журналистканың керегі әсте анық.