"Жастардың арманы орындалды". Астана төрінде "Мәңгілік ел дауысы" шоуы өтті

Ән мен көрермен арасында шекара болған жоқ. "Мәңгілік ел дауысы" ұлттық караоке-шоуы астаналықтарға естен кетпес эмоциялар сыйлады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Жылдың соңы әрі жаңа жыл да жақындап қалды. Астаналық жастарды бір тебірентер музыкалық шоудың жетпей жүргені анық еді. Бүгін олардың қалауы орындалды.

Ән кешіне халық 17:30 жинала бастады.

Оған дейін көпшілік ұйымдастырушылардың дайындаған ойындарын ойнап, сахнаның әсем жерлеріне фотаға түсті. Көңіл көтеріп, кештің қызығын көру үшін түрлі жастағы қонақтар келді.

Сахнадағы диджей де музыкалық шоу басталғанша еліміздегі және әлемдегі үздік әуендерді қойып, халықты одан әрі қыздырды. Диджей Byke хит әуендерге ұлттық аспаптың үнін қосты. Оның ішінде қазіргі әлеуметтік желіде кең тараған "Аигел - пыяла" көпті ерекше сезімге бөледі.

Сонымен шоу басталып та кетті.

Кеш шымылдығын көрерменмен бірге Ayree ашты. Ол көпшілікпен бірге "Тұмандау" және "Жұлдызым", "Мұңайтпа енді" атты әндерін орындады. Онымен қоса өзінің жаңа "Жылу бер" әнімен таныстырды. Ayree-дің ерекше дайындығы, киім стилі мен биі айрықша көрінді.

Махабат пен сезімге толы әндер желісін Қазыбек Құрайыш жалғастырды. Өз бақытын тапқан адам туралы - "Таптым-ау сені" әні әр адамның жүрегінде жеке орны бар. Туындының тарихы да әр адамның жанына тиеді. Өз бақытын, өз серігін іздеп жүрген жанды тебіренткені анық. Сондай-ақ ол "Көркемім", "Алыстама менен", "Құдаша" әндерін шырқады.

Мархаба Сәбидің әр сөзі өзекті. Өйткені ол қоғамдағы мәселелерге көзқарасын әндері арқылы жеткізіп жүрген бірден бір өнер иесі. Мархаба "Қой, күрсінбе", Батырхан Шүкеновтың "Ғасырлық мұң", "Қазақша", және "Ұнайды маған" әндерін айтты.

"Бүгінгі концерт бәрімізді жылытты деп ойлаймын. Жанды дауыстың бәрі көңілден шыға бермейді. Бірақ шынайы ән бәріне ұнайды", - деді Мархаба Сәби.

Alpha-ның орындауындағы Qupia шоуды жаңа деңгейге шығарды. Жас топ нақты q-pop емес, олар таңдауды жанкүйерлеріне қалдырған.

Kalifarniya "Жастар болып бірігіп айтпасақ, болмай қалады" деп жастарға сөз тастады. Қонақтар жайлап Астанадан Пуэрто-Рикоға барып келді.

Әннің шекарасы жоқ, ол уақытқа да бағынбайды. Кезінде "Мен қазақпын" деп атой салып, көптің рухын көтерген Ерболат Құдайберген кештің нүктесін қойды. Ол жігіттердің атынан аруларға "Ләззат алауын" шырқап берді.

Pantograph-тың бас продюсері Головин Константин ұлттық караоке-шоуының алдағы іс-шаралары қалай өрбитінін айтып берді.

"3 жыл қатарынан өтіп жатқан жобамызда биыл да адам лық толы болды. Ең маңызды ерекшелік - көрермен өзінің сүйікті әндерін жақсы көретін әртістерімен бірге орындауы. Караоке-шоуда қазіргі эстрадағы ең үздік, ең танымал әндер шырқалады", – деді Константин.

Бас ұйымдастырушы "Мәңгілік ел дауысы" ұлттық караоке-шоуы 2024 жылы бірнеше қалада ұйымдастырылатынын атап өтті.

"Біз көрерменнің қызғушылығы мен қолдауын сезіп отырмыз. Көрерменнің кері байланысы өте тамаша! Шынымен, шоуда әртістер 100 пайыз тек таза өз даусымен ән орындап шығады , бізде тіпті әннің минусы да болмайды", – дейді ол.

Константиннің айтуынша, шоу жастарға драйв пен жақсы энергия сыйлады. Онымен қоса, жоба жетекшісі "Ән қалай таңдалады?" деген сұраққа жауап берді.

"Дәл қазір қандай әндер танымал соған басымдық беріледі. Әрине, біздің эстрадамызда ұзақ жыл бойы жүрген өнер иелері мен олардың хит әндерін ұмытпаймыз. Бүгін жастардың арманы орындалған күн болды. Бұл шараға жастардың ықыласы ерекше болды. Алдағы жоспарымыз тосынсый болғанын қалаймын", - дейді Pantograph-тың басшысы.

Концертте дарынды балалар - "Қазақстан дауысы. Балалар" танымал телевизиялық шоуының қатысушылары Рамина Сатыбалды мен Нұршат Құсанова да өнер көрсетті. Жалпы кешті Жансерік Бейсеев пен Жұлдыз Абдукаримова жүргізді.

Толықтай  live форматта өтетін концертті талантты музыкант, композитор Әділжан Толықпаев жетекшілік ететін Saz&Soul тобы сүйемелдеді. Ал Анатолий Фролов басқаратын АRTballet  ұжымының авторлық би қойылымдары мен DJ Byke ұсынатын ырғақты сет кеш көркін қыздыра түсті.
 
Хит әндерді ең шебер орындаған қонақтарға естелік сыйлықтар табысталды.

Еске сала кетсек, Ұлттық караоке форматындағы алғашқы концерт 2019 жылы ұйымдастырылып, залда аншлаг болған еді. Шоу жанкүйерлері екінші рет сүйікті әншілерімен бірге ән салуға 2022 жылы, пандемиядан кейін жиналып, еліміздің басты мерекесі – Республика күнін атап өтті. Биыл концерт билеттері санаулы күн ішінде сатылып кетті.

Шоуды Астана әкімдігі, Астана мәдениет басқармасының қолдауымен Pantograph ЖШС ұйымдастырды. Фестивальге Alash Media Group медиахолдингі мен RTS DECAUX ақпараттық қолдау көрсетті.

Жасұлан Ордабаев

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз