Биыл, 2021 жылы, мемлекеттік жастар саясатына өзгерістер мен Жастарды қолдаудың 2025 жылға дейінгі кешенді жоспары әзірленіп, жастардың қазіргі құндылықтары жайлы әлеуметтік зерттеулер дайындалады. Сондай-ақ, гранттық және әлеуметтік жобалар да қолға алынады. Бұл жайлы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Шахмардан Байманов онлайн-форматта өткен отырыста айтты.
Оның айтуынша, 2020 жылы кең ауқымды ғылыми-зерттеу мен талдау жұмыстары жүргізіліп, оның нәтижелері қорытындылары "Қазақстан жастары – 2020" ұлттық баяндамасын дайындауға қолданылады.
"Жастар мәселесі – біздің мемлекеттік саясаттағы басым бағыттардың бірі. 2020 жылы жастар саясаты саласында көптеген жұмыстар атқарылды, нақты нәтижелерге қол жеткізілді. Жастар жылы аясындағы жол картасы шеңберіндегі шаралар кешені іске асырылып, "Қазақстан 2020: болашаққа жол" Қазақстан Республикасы Мемлекеттік жастар саясатының 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасын іске асыру аяқталды", - деді Ш. Байманов.
Сөз барысында Байманов 2021 жылы "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік жастар саясаты мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын әзірлеу, Жастарды қолдаудың 2025 жылға дейінгі кешенді жоспары мен "Тәуелсіздік ұрпақтары" ұлттық жобасын жүзеге асыру жоспарланғанын алға тартты. Мұндағы "Тәуелсіздік ұрпақтары" жобасы аясында "Zeren-2021" республикалық жастар білім беру лагері ұйымдастырылмақ.
Төрағаның айтуынша, "Қазақстан жастары – 2021" ұлттық баяндамаларды даярлау, "Жастардың даму индексін" әзірлеу және енгізу де жоспарда тұр.
Ал халықаралық іс-шаралардың арасында "Түркістан – түркі әлемінің бесігі" түркітілдес елдері жастар көшбасшыларының халықаралық саммитін, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесіне (АӨСШК) мүше мемлекеттер жастар форумын, Қазақстан мен Ресей волонтер ұйымдары лидерлерінің қатысуымен еріктілер кеңесін өткізу сынды шаралар бар.