- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Жастар саясаты: мемлекеттік...
Жастар саясаты: мемлекеттік тұжырымдаманың маңызы қандай?
Жастар саясатын жаңғырту – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде жүзеге асып жатқан саяси реформаның негізгі бағыттарының бірі. Бұл бастама көпшілік қолдауына ие болып отыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Жастар бәсекеге қабілетті болуы керек - Президент
Елімізде 14 пен 35 жас аралығындағы азаматтардың табысты әлеуметтенуі, рухани, мәдени, білім беру, кәсіби және физикалық тұрғыдан толыққанды дамуы үшін барлық қажетті жағдай жасалған. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевта өз сөзінде Жаңа Қазақстан жастарының үш маңызды басымдығын санамалап берген болатын. Ол білімге ұмтылу, еңбекқорлық және патриоттық - жастардың маңызды қасиеттері екенін айтты.
"Жастардың қатысуымен ел азаматтардың әл-ауқаты мен өмір сүру сапасын арттыруды қамтамасыз ете отырып, бәсекеге қабілетті болуы керек. Туған жерге қажет, пайдалы болуға ұмтылу әрбір жастың мақсаты болуы кажет. Алға қойған мақсатына білімді де білікті жастар ғана жетеді. Мемлекет жастардың тың идеялары мен ұсыныстарына әрқашан ашық. Жастар адал еңбекті бағалап, рухы мықты болуы керек. Мемлекет мүддесін бәрінен жоғары қоя білуі де маңызды. Ол үшін ана тіліңді білу, өз халқының салт-дәстүрін, тарихын қастерлеу керек. Бұл әрбір жастың қасиетті борышы және мұны әрқашан есте ұстау қажет", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Тәуелсіздік жылдары ішінде Қазақстан "Мемлекеттік жастар саясаты туралы" үш заң қабылдады. Қазақстанда жастарды қолдаудың 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары таныстырылған болатын. Жұмыс бағдары ең бірінші кезекте 2015 жылы қабылданған мемлекеттік жастар саясаты туралы заңды жүзеге асыруға бағытталған. Ол заң жастарды қолдау мен жастар саясатын орталық және аймақтық деңгейде жүргізу бойынша 9 бағыттан тұрады.
Мемлекеттік жастар саясатының негізгі бағыттары:
1) қолжетімді және сапалы білім беруді қамтамасыз ету, ғылыми-техникалық әлеуетті дамыту;
2) денсаулықты сақтау және нығайту, саламатты өмір салтын қалыптастыру;
3) жұмысқа орналасу мен жұмыспен қамту үшін жағдайлар жасау;
4) жастар арасында кәсіпкерлік қызметті дамыту үшін жағдайлар жасау;
5) жас отбасылар үшін қолжетімді тұрғын үй жүйесін дамыту;
6) құқықтық мәдениет деңгейін арттыру, сыбайлас жемқорлық көріністеріне төзбеушілікке тәрбиелеу;
7) экологиялық мәдениетті қалыптастыру;
8) дарынды жастарды дамытуға жәрдемдесу;
9) мәдени бос уақыт пен демалыс үшін жағдайларды қамтамасыз ету.
Қандай мәселелер шешімін тапты?
Құжатта жастарды дамыту индексін, жастарға арналған әлеуметтік қызметтерді енгізу, жастармен жұмыс жөніндегі маман, NEET санатындағы жастар ұғымдарын және оның санын азайту үшін іс-шараларды жүзеге асыру жөніндегі мемлекеттік органдардың құзыреттерін бекіту, сондай-ақ жастар еңбек жасақтарының қызметін жүйелеуді көздеді. Осы бағдарламалар негізінде жастарды жұмыспен қамту мәселесіне айрықша назар аударылып келеді. Әлеуметтік зерттеулердің нәтижелері бойынша жастардың 40 пайызға жуығы тұрақты түрде жұмысқа орналасу бойынша қиналады. Осы ретте жұмыссыз жастарды жұмыспен қамтамасыз ету мақсатында "Жастар тәжірибесі" бағдарламасы іске қосылған. Яғни "Жастар тәжірибесі" бағдарламасы аясында жарты жыл тәжірибеден өтіп, мамандық бойынша біліктілікті арттырып, қалаған жұмысқа орналасуға мүмкіндік бар.
Жоғары оқу орнын бітірген маман үш жыл ішінде өзінің кәсібі бойынша жұмысқа орналасады. Түлектерді жұмысқа бейімдеу мақсатында ұйымдастырылатын бағдарламаға техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары оқу орындарын аяқтаған түлектер қатысып келеді. Көп жағдайда түлектерде мамандық бойынша тәжірибе болмағандықтан, жұмысқа орналаса алмайды. Ал "Жастар тәжірибесі" бағдарламасы еліміздің 29 жасқа дейінгі жұмыссыз жастарын қолдауға арналған.
Қазір жастардың даму индексі, NEET санатындағы жастар, жастармен жұмыс жөніндегі маман, жастардың еңбек жасақтары секілді ұғымдар ресми түрде қолданылып жүр. Бұл Мемлекет басшысының бастамасымен жасалған реформалардың бір көрінісі еді. Қоғамның көкейкесті мәселесіне айналған жастардың жұмыссыздығы осы заң аясында жүйеленіп келеді. "Жастар практикасы", "Дипломмен – ауылға!", "Серпін", "Жастар – ел тірегі", "Жасыл ел" сынды мемлекеттік бағдарламаға қазір 35 жасқа дейінгі азаматтар да қатысып жүр.
Жастар жұмысқа орналасудан бөлек баспана мәселесінен қиналатыны анық. Статистика бойынша қазақ жастарының тек 18 пайызында жекеменшік үй бар. Елдегі әр төртінші жас жалдамалы пәтерлерді паналап жүр. Ал 52%-ы ата-анасымен бірге тұрады. Осы мәселені шешу мақсатында аталған санаттағы азаматтарға арналған "Елорда жастары" мен "Алматы жастары" сынды ипотекалық бағдарламалар жыл сайын барлық облыста іске қосылып келеді.
Мемлекеттік жастар саясатының тұжырымдамасының маңызы қандай?
Үкімет қаулысымен еліміздің 2023 - 2029 жылдарға арналған мемлекеттік жастар саясатының тұжырымдамасы бекітілген болатын. Құжатта 2029 жылға қарай орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың, азаматтық қоғам мен бизнес институттарының құзыреті мен жауапкершілік саласын нақтылайтын ведомствоаралық өзара іс-қимылдың тиімді моделінің арқасында Қазақстанда мемлекеттік жастар саясаты құрылатыны көрсетілген. Соның арқасында Қазақстанда тұрақты жұмыспен қамту және жастардың жоғары табысы ел әл-ауқатының негізіне айналады. Сондай-ақ, құжатта жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу еліміздің мемлекеттік жастар саясатының бір бөлігі екені де жазылған. Жастар саясатының белсенді жұмысының арқасында 2029 жылға қарай жұмыспен қамтылған жастар үлесі 2,3 млн-ға жетеді және жас кәсіпкерлердің үлесі 20 пайызға дейін артпақ.
Бүгінде еліміздің алдына әлеуметтік жаңғырту, жеделдетілген инновациялық индустрияландыру және экономикалық интеграция бойынша жаңа ауқымды міндеттер қойылып отыр. Тәуелсіздіктің 33 жылында қол жеткізген жетістіктерін нығайта отырып, Қазақстан ХХІ ғасырдың үшінші онжылдығында әлемнің дамыған елдерінің қатарына кіру мақсатына сенімді түрде қадам басуға ниетті. Осындай жағдайда аға ұрпақтың жасампаз істерінің эстафетасын жалғастырып, ұлттық бәсекеге қабілеттілік шыңын бұдан да биікке көтеріп, ХХІ ғасырда Қазақстанның өсіп-өркендеуі мен жаһандық танылуын қамтамасыз ететін жастарға үлкен үміт пен жауапкершілік жүктеледі. Мұндай миссия кәсіби білімді, физикалық және моральдық жағынан дені сау, бәсекеге қабілетті, отансүйгіш, әлеуметтік жауапкершілігі жоғары жастардың ғана қолынан келеді. Осыған байланысты мемлекеттің бірінші кезектегі міндеті – жастар Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігінің маңызды факторына айналып отырған уақыт талабына мемлекеттік жастар саясатын бейімдеу. Жастарды қоғамға пайдалы болатын жұмысқа тарту. Дәл осы мақсатта жастар алдына мақсат қойып ұмтылса жетістікке жете алады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та жастар мәселесіне айрықша көңіл бөліп отырғанын айтты.
"Бәріміз білімді әрі бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеу ісіне айрықша мән беріп отырмыз. Жалпы, еліміздегі бастамалардың барлығы жас буынның жарқын болашағы үшін қолға алынды. Жастарымыздың жан-жақты дамуына жағдай жасау – менің Президент ретіндегі басты міндеттерімнің бірі. Сондықтан осы мәселе әрдайым менің назарымда болады. Бүгінгі жастар – елімізді ертеңі, ұлтымыздың болашағы, мемлекетіміздің мәртебесі", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қорыта айтсақ, ұлттың кемел келешегі үшін бүгінгі жас ұрпаққа артылар үміт пен жауапкершілік жоғары. Мемлекет осы санаттағы азаматтарды қолдап, жастар саясатын жүйелі жүзеге асырса, еліміздің іргетасы мықты қаланатынына сенім мол.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
А. Жайыққызы