Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев мегаполистердегі жалдамалы пәтер алған жастар далада қалуы мүмкін екенін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Депутаттық сауал премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевқа жолданды.
"Жыры басылмаған жастарға берілген жалдамалы пәтер жайында премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға да депутаттық сауал жолдағанмын. Ол жауабын жастарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі Үкіметтің бақылауында деп қысқа қайырды. Сондықтан жастардың талап-тілегін нақты шешімдер мен әрекеттер жасайды деген ниетпен қайта жолдап отырмын", - деді Дәулет Мұқаев.
Оның айтуынша, 2019 жылдан бері Астана, Алматы және Шымкент қалаларында жалдамалы пәтерге орныққан жастардың саны 10 мыңға жуықтаған.
"2019 жылы баспана алған жастар баспананы босатуына да аз уақыт қалды. Бүгінде мегаполистердегі жастардың далада қалу қаупі жоғары. Тағы бір қосарым, былтыр берілу керек пәтерлер Алматы қаласының жастарына әлі де берілмеді. Нақты тізім, нәтиже шықпады", - деді депутат.
Ол жалдамалы пәтер алған жастардың қаржы жинап, өз баспанасын ала алмауына өзіндік себебі барын айтты.
"2019 жылдан бері инфляция деңгейі де шарықтап, үй бағасы жылдан жылға өсті. Осыдан 5 жыл бұрын Қазақстан бойынша пәтердің орташа шаршы метрі 200 мың болса, қазір 400 мыңға жуықтады, яғни 2 есе өсті.
Біріншіден, баспанаға қаржы жинаудан, қымбатшылық қыспаққа алып күнкөріс мәселелі алдыңғы орынға шықты. Екіншіден, елде жастарға арналған тиімді мемлекеттік бағдарлама жоқ. Елде тиімді бағдарламаның жоқтығынан жастар баспана алу үшін шетел асып жұмыс істеуге мәжбүр. Келмей қалып қойып жатқаны қаншама. Бұл елімізде дарынды, талантты жастардың азаюына ықпал етіп жатыр. Үшіншіден, жалдамалы пәтер алған жастар өзге де мемлекеттік бағдарламалар мен үй кезегінде тұру мүмкіндігінен айырылған. Ақшасын жинап, түйіп отырған жастар, басқа бағдарламаға қатыса алмаса қалай баспаналы болмақ?" - деді Дәулет Мұқаев.
Депутат премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтан мәселеге назар аударуды сұрады.
"Жоғарыды айтылған факторларды ескере отырып, жастардың тиімді баспана алуына жағдай жасау және кемі 10 пайыздық бастапқы жарнамен өздері тұрып жатқан баспанасын сатып алуға мүмкіндік беру мәселелесін қарастыруды қайта сұраймын. Пайыздық мөлшерлемесі де 5 пайыздан аспауға тиіс. Жалдамалы пәтерде тұру мерзімін де ұзарту керек", - деді депутат.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз