Кемелбек Әбдуәлі - отандық өндірістің дамуына зор үлес қосып жүрген шеберлердің бірі. Тараз қаласының тұрғыны, ол соңғы 30 жылын атакәсіп - тері өңдеу саласына арнап келеді. Әбдуәлінің қолынан шыққан тері бұйымдары Қазақстанда ғана емес, шетелде де жоғары бағаланады. Өз ісіне жан-тәнімен берілген шебер бүгінде тек өнім шығарып қана қоймай, Қазақстанда тері өңдеу өнерін жаңғырту жолында күресіп жүр. Еңбек адамымен Massaget.kz тілшісі сұхбаттасты.
Кемелбектің кәсіби жолы 1993 жылы Жамбыл облысындағы Қаратау қаласында тері өңдеу цехында басталған. Ол кезде тері өңдеу саласы қарқынды дамып, зауыттар мен цехтар жұмыс істеп тұрды. Дегенмен еліміз егемендік алғаннан кейін көптеген кәсіпорындар жабылып, салада дағдарыс басталды. Бірақ Кемелбек бұл қиындықтарға қарамастан өз кәсібін тастамай, тәжірибе жинап, шеберлігін шыңдай түсті.
Сурет: Жеке архив
2007 жылы Әбдуәлі тәуекелге бел буып, жеке тері өңдеу цехын ашты. Басында қиын болғанымен, ол шеберлерді жинап, сапалы өнімдер шығаруды қолға алды. Қазіргі таңда оның цехында түрлі бұйымдар - бағалы тон, былғары сөмкелер, белдіктер, әмияндар, аяқкиімдер тігілуде. Әр бұйымның сапасына, материал таңдауына ерекше назар аударатын Кемелбек үшін бұл тек кәсіп емес, жанның еңбегі.
Кемелбек Әбдуәлі тері саласының Қазақстанда дамымауын мамандар мен қолдаудың жетіспеушілігімен байланыстырады. Ол жастардың тері өңдеу ісіне қызығушылық танытпайтындығына қынжылады. Шебердің айтуынша, тері өңдеуден шыққан өнімдер әрқашан сапалы, табиғи материал ретінде үлкен сұранысқа ие. Алайда жастардың сәнге, жылтырға еліктеуі бұл саланы ұмыт қалдыруда.
"Жас балалардың көбісі тері өңдеуден қашады. Бұл кәсіпті сасық, лас деп ұнатпайды. Ал шын мәнінде, бұл салада үлкен болашақ бар. Қазір бәріміз жылтырға құмартып кеттік. АллаТағала - болашағы бар нәрсені сүйкімсіз нәрсемен қоршап тастаған ғой. Кім қиындыққа қадам басады, ол Алланың құдіретін, мейірімін көреді", - дейді ол.
Әбдуәлі өзінің жинақтаған тәжірибесін жастарға үйретіп, отандық өндірісті дамытуға үлес қосуды мақсат тұтады. Ол тек сапалы киім немесе жиһаз шығару ғана емес, тері өңдеудің технологияларын әлемдік деңгейде меңгерген мамандар дайындауды да көздейді.
"Біз тері өңдеу өнерін өз дәрежесінде қайта көтеріп, Қазақстанның брендін қалыптастыра аламыз", - дейді ол сеніммен.
Сурет: Жеке архив
Кемелбек қазақтың төрт түлігінен алынған теріні қоқысқа лақтырып, босқа ысырап етіп жатқанымызға қынжылады.
"Әлемнің көптеген елдері біздің шикізатымызды жоғары бағалайды, бірақ біз өзіміз сол шикізатты тиімді пайдалана алмай отырмыз. Бар теріміз қоқыста шіріп жатыр. Мұндай байлықты дұрыс игермеу - Алла алдында да, болашақ ұрпақ алдында да обал", - деп кейіді.
Оның айтуынша, Қазақстанда мал шаруашылығы кең таралған, бірақ одан алынатын шикізат толық пайдаланылмайды.
"Бұл байлықты тереңінен игеріп, өңдеу арқылы елдің экономикасына орасан зор үлес қосуға болар еді. Алайда мемлекет тарапынан және қоғамның өзінен бұл мәселеге әлі күнге дейін жеткілікті көңіл бөлінбей келеді. Біз мұнайды айтудан жалықпаймыз, ал қолымыздағы табиғи байлықты назардан тыс қалдырып отырмыз", - дейді ол.
Сурет: Жеке архив
Кемелбек Әбдуәлі жастарды осы салаға тартуды өз өмірлік миссиясы деп біледі. Алайда қазіргі уақытта тері өңдеу кәсіпшілігіне жастар қызығушылық танытпай отыр.
"Олар бұл істі кір, ауыр жұмыс деп ойлайды. Ал негізінде, тері өңдеу - өнер және үлкен шеберлік пен табандылықты қажет ететін сала", - деді шебер.
Оның айтуынша, тері өңдеу технологияларын үйрену үш жылға созылатын колледждік біліммен-ақ толық меңгеруге болады. Студенттер станоктармен жұмыс істеуді, тігу, модельдеу және дизайн жасауды үйреніп шығуы тиіс. Егер осы саланы насихаттау жұмыстары күшейсе, жас мамандарды тартып, тері өңдеу өндірісін қайта жандандыруға болады. Әбдуәлі осы бағытта көп жұмыс істеп, шеберлік сабақтарын өткізуді, тері өңдеуді заманауи технологиялармен байланыстыра отырып дамытуды көздейді.
Сурет: Жеке архив
Кемелбек жақында республикалық деңгейде көрме өткізуді жоспарлап отыр. Бұл көрмеде ол өзі және басқа да отандық мамандармен бірге жасаған тері бұйымдарын көрсетпек.
"Біз сапа жағынан әлемдік брендтермен теңесе аламыз. Бұл көрмеде Қазақстанда жасалған өнімдеріміздің қандай деңгейде екенін көрсеткім келеді", – деп мақсатымен бөліседі.
Сурет: Жеке архив
Сонымен қатар шебердің алдағы жоспары - Астанада үлкен өндіріс орнын ашып, тері өңдеудің қандай нәтижеге жеткізетінін көрсету. Ол бұл қадамды Қазақстанның тері саласын қайта жандандыру үшін маңызды деп санайды.
Кемелбек Әбдуәлінің өмір жолы мен еңбегі - Қазақстандағы еңбек адамының нағыз үлгісі. Ол тері өңдеу саласын дамытып, еліміздің байлығын тиімді пайдалану арқылы болашақ ұрпаққа мол мұра қалдыруға талпынып келеді. Еңбек етсең, ерінбесең - өмірің жарқын болады, - дейді ол өз ісінің басты қағидасын.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз