- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Жастар - бүгіннің...
"Жастар - бүгіннің келбеті, келешектің кілті". Жастар саясаты басқармасы өкілімен сұхбат
Жастар - Қазақстан дамуындағы ең басты, ең күшті қозғаушы күш. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев білімге құмар, еңбекті сүйетін жастар Қазақстанның келешегі, бүгінгі күннің келбеті екенін бірнеше мәрте айтқан болатын. Президент "ұлттың басты капиталы да, қозғаушы күші де солар" деп зор баға беріп, үміт артты.
Бүгінде мемлекет тарапынан жастар саясаты жүргізілуіне кең көлемде қолдау көрсетіліп келеді. Бұл мақсатта өңірлер мен қалаларда Жастар саясаты басқармалары да жұмыс істейді. Massaget.kz тілшісі Алматы қаласы бойынша Жастар саясаты басқармасы басшысының орынбасары Азиз Кажденбекпен сұхбаттасып, бүгінде жастар саясаты қандай деңгейде жүзеге асырылып жатқанын сұрады.
Ақорда
- Жастар саясатын жүргізуде Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасы қандай бағытта жұмыс істеп жатыр?
- Алматы қаласының мемлекеттік жастар саясатын іске асыру мақсатында 2022 жылы желтоқсан айында Жол картасы бекітілді. Бұл шара "Жастарды дамыту және өзін-өзі жүзеге асыру үшін тең мүмкіндіктер жасау" бөлімін қамтитын Алматы қаласын дамытудың 2025 жылға дейінгі және 2030 жылға дейінгі орта мерзімді перспективалар бағдарламасы аясында жүзеге асырылды.
Бұл жол кол картасы 4 негізгі бағытты қамтиды:
- Жастарды жұмыспен қамту және жұмысқа орналастыруды қамтамасыз ету;
- Жастармен жұмыс істеу үшін инфрақұрылым құру;
- "Белсенді жастар қаласы" жобаларының әлеуметтік және тәрбие блогын іске асыру: мәдени, зияткерлік, спорттық, волонтерлік және шығармашылық іс-шаралар өткізу;
- Жастарды жатақханалармен және жалға берілетін тұрғын үймен қамтамасыз ету.
Осылайша, әрбір жыл сайын он мың жасты оқыту және жұмысқа орналастыру бойынша шаралар жоспарланған.
- Кейінгі жылдары Жастар саясаты басқармасы қандай ауқымды жобаларды жүзеге асырды? Сондай-ақ, қалада жастардың бос уақытын өткізуіне арналған қандай нысандар бар?
- 2025 жылға дейін әрбір ауданда екіден комьюнити орталықтарды іске қосу жоспарланған болатын. Бүгінде 8 комьюнити орталық өз жұмысын бастады. Комьюнити орталықтарда креативті қоғамдық кеңістіктер бар. Бұл кеңістіктерде жастарды қолдауға арналған барлық көмек түрлері жинақталған: мемлекеттік бағдарламалар бойынша кеңес беріледі, психолог, заңгер кеңестері ұсынылады, NEET жастарды аз уақыт ішінде өзекті мамандықтар бойынша оқыту, оларды жұмысқа орналастыру секілді іс-шаралар қамтылады.
Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасы ұсынған
Алматы қаласы бойынша 14-35 жас аралығындағы 680 мыңнан аса жас бар. 7,3 пайызы - жұмыс және оқумен қамтылмағандар, яғни NEET жастар. Жастар саясаты басқармасы жастарға қоғамның толық мүшесі болуға, олардың оқу оқуына, кәсіп бастауына, жұмыс істеуіне көмектесуді мақсат тұтады. Осы тұста комьюнити орталықтардың берері мол. Келер жылы жыл соңына дейін комьюнити орталықтар санын 16-ға жеткізу жоспарланып отыр.
Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасы ұсынған
Сонымен қатар, былтырғы жылдың қорытындысы бойынша 34 демалыс орталығы жаңғыртылды. Олар - қала жастарына бос уақыттарында түрлі іс-шаралармен, жеке шығармашылықпен айналысуға немесе спортпен шұғылдануға мүмкіндік беретін орталықтар.
jasalmaty.kz
Бүгінде қаламызда 260-қа тарта тегін жұмыс істейтін үйірмесі бар жүз демалыс орталығы бар. Қаладағы он екі мыңға жуық жас осы орталықтардың игілігін көріп отыр.
Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасы ұсынған
- Қалада жастарды жаман әдеттерден арылту мақсатында қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
- 2022 жылы күзде арнайы мамандандырылған "НаркоСтоп" атты орталық жұмысын бастады. Мұндай 8 орталық бар. Орталық кейінгі кезде қаупі күшейген есірткіге тәуелділіктің алдын алуға бағытталған. Статистика есірткі тұтынуға бейім адамдардың қатарында жасөспірімдер мен жастардың да барын көрсетіп отыр. Тіпті 13-14 жастағы жасөспірімдер де есірткі торына ілініп отыр. Бұл мақсаттағы жұмыстарға екі мыңнан аса ерікті жұмылдырылды. 1 жылдың ішінде 400-ден аса іс-шара өткізілді. Акция аясында есірткі құралдарын насихаттайтын және таратуға ықпал ететін түрлі сайттардың жазулары бар 110 мыңнан аса трафарет пен граффити боялды. Синтетикалық заттарды қолдануға және таратуға қарсы жас белсенділер мен блогерлер пулы құрылды. Тәуелді адамдарды қолдау ретінде және басқа қалалардың тұрғындарымен ZOOM бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.
- Бұдан өзге қандай іс-шаралар ұйымдастырылып жатыр?
- NEET санатымен қосқанда, жалпы Алматы жастарына арналған спорттық іс-шаралар өткізіп тұру да үнемі назарда. Соның ішінде волейбол, футбол, волейбол, баскетбол, үстел теннисі, киберспорт бойынша спорт турнирлері өткізіледі. Оған қоса елді мекендер мен басқа өңірлерден келген Алматы жастарына футбол, волейболдан "DÚISENBILIK SPORT" шарасы өткізілді. Былтырғы статистика бойынша осы жобаға қаладағы 40 базардан екі мың жас қастысқан. Сондай-ақ, "Youth Nomads" атты жоба да бар. Бұл жоба аясында базар жастарына ұлттық спорт түрлері бойынша жарыстар өткізіліп тұрады. Ал "ALMA CUP" атты студенттерге арналған жоба негізінде футбол, киберспорт, баскетбол, волейбол секілді спорттық ойындар ұйымдастырылады. Балаларды қорғау күні халықтың әлеуметтік осал тобына жататын жастарға, аз қамтылған отбасыларға "RYH-MARAFON" атты спартакиада өткізілді.
- Жастарды жұмыспен қамту, кәсіби бағдарлау бағытында қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
- Жалпы қазір Алматы қаласы бойынша 682 мыңнан аса жас тұрады. Бұл - жалпы қала халқының 32 пайызы. Жастар саясаты басқармасы NEET жастардың үлесін төмендету мақсатында жобаларды жүзеге асырып жатыр. Осы арқылы биылғы бірінші тоқсан бойынша 47,9 мыңнан 43,9 мыңға дейін төмендетуге мүмкіндік туған.
Кейінгі кезде NEET жастар (not in Education, Employment, or Training) әлем елдері үшін де маңызды проблемалардың біріне айналды десек те болады. Мұндай жастар түрлі қиындықтарға тап болып жатады, қоғамнан оқшауланып қалады, жұмыс іздесе де аясы тарылады. Осы мақсатта Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасы алдағы 2025, 2030 жылдарға арналған бағдарламалар аясында мұндай жастар қоғамда өз орнын тауып кетуі үшін түрлі іс-шараларды жоспарлап отыр.
Жастардың жұмыспен қамтылуы да ең өзекті мәселелердің қатарында. Былтыр ақпаннан бері Алматы қаласында мансап орталығы өз жұмысын бастады. Бұған дейін мұндай типтегі орталықтар әрбір жоғары оқу орнында жеке-жеке жұмыс істесе, қазір олар бір орталықтандырылған. Мұндай мүмкіндік өз кезегінде ортақ жұмыс айтарлықтай тиімді болуы үшін де қажет. Бүгінге күнге дейін мансап орталығы үш мың жасқа жұмысқа орналасып, еңбекке араласуға көмектесті. Одан бөлек жастардың жұмыспен қамтылуына жағдай жасау үшін бір ай көлемінде мансап күндері сегіз ауданда өткізіліп отырады. Осы іс-шара аясында 400 компания 1,5 мыңнан аса жұмыс орнын ұсынды. Жастарды кәсіпке баулу мақсатында нарықта сұранысқа ие мамандықтар тізбесі бойынша қысқа мерзімдегі курстар да басталды. Олардың қатарында қазір танымал мамандықтар - сату менеджері, мобилограф, SMM менеджері, графикалық дизайнер, маркетолог, гид, курьер секілді мамандықтар бар. Атқарылған жұмыстар нәтижесінде былтыр 11 мыңға жуық жас жұмысқа орналасуға мүмкіндік алды. Ал биыл жыл басынан бері 3 мыңнан аса жас оқыды.
depositphotos.com
Бүгінде "Jasalmaty.kz" атты портал да жұмыс істейді. Бұл "Jobfair365" атты жұмысқа орналастыру және "SkillBrigde" оқыту қызметтері бар порталдарды біріктіреді. Бұл порталды 25 мыңдай адам пайдаланған, сонымен қатар, 5 мың жұмыс беруші бос жұмыс орындары туралы ақпараттарын жариялаған. Осылайша, 4 мың алматылық жұмыспен қамтылды.
Жастар саясаты басқармасының жұмысы нәтижесінде былтыр жалпы саны 47 мыңға жуық жас (тұрақты – 40 мың, уақытша – 7 мың) жұмысқа орналастырылды. Биылғы бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша 9 мыңнан аса адам жұмысқа орналастырылды (4,6 мың – тұрақты жұмыс орны, 4,4 мың – уақытша жұмыс орны). Жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі биыл бірінші тоқсанда 4,6 пайызға дейін төмендеді.
- Қалада студенттер жатақханамен қаншалық деңгейде қамтылған?
- Алматы қаласы бойынша қазіргі таңда 35 жоғары оқу орнында 200 мыңға жуық студент білім алып жатыр. Соның ішінде 62 пайызы, яғни 124 мыңы - Алматыға басқа облыстар мен қалалардан келген жастар. Алматыда бүгінде 36 мыңнан аса студентке арналған 109 жатақхана бар. Жатақхана тапшылығы 28 мыңнан аса төсек-орын болып отыр.
2025 жылға дейінгі Алматы қаласын дамыту бағдарламасы бойынша он екі мың орындық, 2030 жылға дейінгі жоспары аясында жиырма мың орындық жатақхана құрылысы жоспарланған. Демек осы жоспар негізінде студенттерге арналған жатақхана мәселесі шешіледі деген үмітіміз бар.
Жатақхана мәселесі - кезек күттірмейтін басты мәселелердің бірі. Соған орай былтыр наурызда Алматы қаласы әкімдігі Ғылым және жоғары білім министрлігімен бірлесе отырып, Жобалық кеңсе жұмысын бастады. Оның басты міндеті - қала бойынша жатақхана құрылысын, студенттерді тұрғын үймен қамту секілді мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыруға жағдай жасау. Осылайша әкімдік пен қаржы орталығы тұрғын үй құрылысын жүргізуге қызығушылық танытқан жоғары оқу орындарына, инвесторларға қолдау көрсетеді. Мұның ішінде заңгер көмегі, консультация, сараптама бойынша көмек қамтылған.
gov.kz
Осылайша студенттерді жатақханамен қамту ісіне инвесторлар да тартылып жатыр, жобалық кеңсе жұмысын бастағаннан бері 120 инвестор қызығушылық білдірген.
Былтыр 14 ғимарат қолданысқа берілді. Бұл нысанда 3969 төсек-орын бар. Нәтижелі жұмыстар қорытындсы бойынша жоспар екі есеге орындалды, яғни екі мың төсек-орын пайдалануға берілді. Осылайша студенттерге арналған жатақхана тапшылығы көлемі айтарлықтай төмендеді.
elements.envato.com
Биылғы алға қойылған жоспарда төрт мың төсек-орын бар, соның ішінде Алматы қаласы әкімдігі жыл аяқталғанша 15 ғимаратты қолданысқа беруді жоспарлап отыр. Мұнда 6690 төсек-орын қамтылады. Соның ішінде 5 нысан алдағы оқу жылында пайдалануға беріледі деген жоспар бар. Нысанда 1 165 төсек-орын болады.
- Сұхбатыңызға рақмет! Жастар саясатын іске асырудағы жұмыстарыңызға табыс тілеймін!
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова