“Жасөспірімдердің сүйектері әлсіз“. Сүттен бас тарту несімен қауіпті?

Сиыр сүті - ақуыздың, кальцийдің және B12 дәрумені, йод секілді маңызды элементтердің көзі. Оның құрамында сүйектердің дамуына және бұлшықеттер жұмысына қажетті магний, сарысу және казеин бар. Алайда соңғы жылдары тағамдық тенденцияларға байланысты көптеген адамның жануарлар сүтінен бас тартып, оның орнына өсімдік сүттерін ішуі сәнге айналды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қазір көпшілік адам лактозадан қорқып, шай мен кофені бадам немесе кокос сүтімен ішеді. Жануар сүтінен бас тарту қаншалықты дұрыс?

Медицина ғылымдарының кандидаты, Шарманов атындағы Қазақ тағамтану академиясының Нутрициология кафедрасының профессоры Елена Ушанская Tengri Life-ке сиыр сүтінен бас тарту несімен қауіпті екенін айтып берді.

Нутрициологтың айтуынша, бұрыннан қазақтардың рационында сүт пен сүтті өнімдер болды. Бұл өнім әсіресе баланың белсенді өсу кезеңінде қажет. Рационнан жануар сүтін алып тастау денсаулыққа зиян болуы мүмкін. 

"Біз жануар сүтін ішпейтін жасөспірімдерді сүйек тінінің тығыздығын көрсететін аппарат - денситометрмен тексеріп, таңғалдық. 17 жастағы жасөспірімдерде предостеопороз байқалды. Сүйектердің мұндай жағдайы 40 жастағы адамдарға тән", - дейді маман.

Елена Ушанскаяның айтуынша, 14 жасқа дейінгі көпшілік жасөспірімнің ағзасында сүттегі лактозаны ыдырататын лактаза деген фермент бар. Осы жаста ағза сүтті өнімдер арқылы кальцийдің қорын жинайды.

"14 жастан соң ағзадағы бұл фермент азая түседі, сондықтан сүт толық қорытылмауы мүмкін, бірақ бұл барлық адамда емес", - дейді нутрициолог.

Ағза сүтті дұрыс қорытып жатыр ма, жоқ па екенін тексеру оңай. Жарты стақан сүт ішіп, хал-жағдайыңызды тексеру жеткілікті. Егер 30-40 минут өткен соң ешқандай жағымсыз сезім болмаса, сізде сүтті ақуыздар мен қантты ыдырататын ферменттер жеткілікті. Сондықтан сүттен бас тартудың қажеті жоқ. Егер бұл сусынды ішкеннен кейін іш кебу, қандай да бір жағымсыздық, диарея байқалса, жануар сүтінен бас тартып, оның орнына сүт-қышқылды өнімдер және өсімдік сүттеріне ауысуға болады.

"Негізінде лактозаны қорыта алмау - алактазия өте сирек кездесетін құбылыс. Сүтті көтере алмаушылықтың тағы бір себебі бар: ақуызға аллергия болуы мүмкін. Ол әдетте, бала кезде пайда болады, бұл кезде асқазан-ішек жолы проблемаларынан бөлек бөртпе, дерматит секілді аллергиялық көріністер қосылады. Сондай-ақ сүт ішуге болмайтын аурулар бар: ішек қабыну аурулары, аутоиммунды аурулар, аллергия. Егер сізге мұндай диагноздар қойылмаса, сүттен бас тартудың қажеті жоқ", - деді Елена Ушанская.

Шай ішпесем басым ауырады: нутрициолог шайға тәуелділіктен арылу үшін не істеу керегін айтты

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!