- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Жасөспірімдер не үшін...
Жасөспірімдер не үшін суицидке барады? Психиатр жауап берді
Қазақстанда жасөспірімдер арасында депрессия және мазасыздық секілді психикалық проблемалар кең тараған. Суицид көрсеткіші де жоғары. Жасөспірімдер не үшін суицидке барады? Оның себептерін Massaget.kz тілшісіне Алматы қаласының психикалық денсаулық орталығының балалар психиатры Әлия Мәлікқызы айтып берді.
Алматы қаласының психикалық денсаулық орталығында мамыр айындағы жағдай бойынша, 1883 бала (3-15 жас) және 542 жасөспірім (15-18 жас) есепте тұр.
Дәрігердің айтуынша, психикалық денсаулық орталығына суицид жасап, бірақ аяқталмаған немесе суицидтік ойлар мазалайтын балалар келеді.
"Суицид аяқталған және аяқталмаған болады. Кейбір балалар суицидқа барады және ол өкінішке қарай өліммен аяқталады. Егер бала суицидке барады, бірақ оны басқалар тоқтатып үлгерген болса, ол аяқталмаған суицидке жатады. Ал кей балаларды суицидтік ойлар мазалайды, бірақ олар бұл әрекетке әлі бармаған", - дейді маман.
Маман көбіне 14-15 жастағы және одан үлкен жасөспірімдер суицидке баратынын атап өтті.
"Мысалы, бізге қабылдауға жасөспірімдер келіп, мені суицидтік ойлар мазалайды деп мойындайды. Әдетте, балалар "өмір сүргім келмейді, өмір сүрудің мәнін білмеймін, маған ештеңе қызық емес, неше түрлі ойлар келеді, дәрі ішіп алайын ба, жоғары қабаттан құлайын ба деген ойлар мазалайды" деп айтады. Мұндай ойлармен келген балаларды біз жедел түрде стационарға жатқызамыз. Себебі олар үздіксіз бақылауда болуы керек. Егер ата-анасы оның стационарда жатуына қарсы болса, бізге "стационарға жатқызғымыз келмейді, бүкіл жауапкершілікті өз мойнымызға аламыз" деп қолхат жазып береді. Бірақ біз ондай ата-аналарға баланың артында 24 сағат бойы жүру керексіз деп бірден ескертеміз: ата-ана бала дәретханаға барса да, өз бөлмесінде отырса да, далаға шықса да жанында жүру керек. Себебі ол суицидті қай уақытта жасайтыны белгісіз. Кей балалар үйінде ата-анасы бар кезде де суицид жасайды. Мысалы, бөлмесінің немесе жуынатын бөлменің есігін жауып алады да, тамырларын кеседі. Асылғысы келіп, анасы уақытында көріп қалған кездер болады. Жоғары қабаттан құлайын деп жатқанда адамдар көріп қалып, құтқарып қалады. Мұндай балаларды бірден бізге әкеледі. Егер бала өте көп мөлшерде дәрі ішіп алса, оны жедел жәрдеммен ауруханаға апарып, асқазанын тазартып, содан соң бізге әкеледі. Біз оларды өз бақылауымызда ұстаймыз. Көбіне 14-15 жастағы және одан үлкен жасөспірімдер суицидке барады", - деді Әлия Мәлікқызы.
Балалар психиатры оқушылар арасында селфхарм да жиі кездесетінін айтты.
"Оқушылар арасында селфхарм жиі кездеседі. Олар көбіне қолдарын, сандарын, іштерін кеседі. Еліктейтін балалар да бар. Денесін тесіп тастайтындар бар. Мұндай балалардан не үшін олай істегенін сұрасақ, "жан ауруын физикалық аурумен басып тастағым келді" дейді", - деді ол.
Бала не үшін суицидке барады?
Баланың суицид жасауына көптеген факторлар әсер етеді. Балалар психиатры олардың ішінде жиі кездесетін себептерді атап өтті.
Буллинг
Қазір мектепте буллинг кең тараған. Мектепте балаға құрдастары немесе өзінен үлкен балалар күледі, оны қабылдамайды, түрін сынайды, салмағына қатысты жағымсыз нәрселер айтады, ешкім онымен араласпайды. Баланы достары шеттетеді және мазақ етеді.
Ата-анасы бір-бірімен жиі ұрысады
Егер үйде ата-анасы ұрыса беретін болса, бұл бала психикасына жағымсыз әсер етеді. Мұндай жағдайда біз баланы қанша емдесек те үйдегі негізгі ошақ дұрысталмағанша бұл жағдай қайталана береді. Біз баланы стационарға жатқызамыз, емдейміз. Бірақ ол шыққан кезде қайтадан сол ортаға барады. Сондықтан қайтадан сол жағдайға түседі. Сол үшін үйдегі атмосфераны және қарым-қатынасты өзгерту керек.
Депрессия
Кей балалар өздеріне не болғанын түсіндіре алмайды. Мысалы, шығармашылықпен айналысып жүреді де, ол оған кенеттен қызық болмай қалады. Бала үйден шыққысы келмейді, ешкіммен араласқысы келмейді, үйде төсекте жата бергісі келеді, тамаққа тәбеті болмауы мүмкін, жалпы өмірге қызығушылығы жоғалып кетеді. Депрессиядағы балалар болашақта кім болғысы келетінін, не істегісі келетінін және жалпы өмірден не қалайтынын білмейді. Депрессия суицидке әкеледі. Сондықтан ата-аналар балаға аса мән беру керек және оларды тыңдай білу керек.
Бала кезде алған зақым
Егер бала кішкентайынан бір-бірімен ұрысатын және көп ішетін ата-анасын көріп өссе, олардан көп таяқ жеген болса, бұл оның ересек кездегі өміріне де әсер беруі мүмкін.
Жауапсыз махаббат
Жасөспірімдер бұл кезеңде сезімтал келеді. Ересектерге бұл ұсақ-түйек проблема көрінгенімен, ол бала үшін үлкен проблема болуы мүмкін. Жауапсыз махаббат та кей жасөспірімдердің депрессияға түсуіне себеп болуы мүмкін.
Қаржылық жағдай
Қазір технологияның дамыған заманы. Бала айналасына қызығады, қандай да бір жерге барғысы келеді, қазір бәрі айфон ұстайды, сондықтан ол да айфон алғысы келеді, жақсы киінгісі келеді. Бірақ қаражат жетіспейді, бұл да бала депрессиясына әкелуі мүмкін.
Дәрігер депрессия диагнозы қойылған адамды стационарға жатқызатынын айтты, себебі амбулаториялық шартта депрессияны емдеуге болмайды.
Балалар психиатры Әлия Мәлікқызы ата-аналарға кеңес берді.
"Бала әке-шешесіне проблемасын айтса, ата-ана тыңдай білу керек және онымен сөйлесуі керек. Көпшілік ата-ана жұмыстан келеді де, баласын шетке ысырып қояды және ол сөйлеп жатса, "тұра тұршы, не болса, соны ойлайсың" деп оның проблемасын жоққа шығарады. Мұндай ата-аналарға да тіл тигізгім келмейді, себебі олар жұмыстан шаршап келеді, бірақ сонда да балаға мән беру керек.
Балаға үйдегі жағдай қатты әсер етеді. Ата-ана бақытты болса, бала да бақытты болады. Егер үйде проблема болса, әке-шешесі күнде айқайласса, ішіп жатса, бала ешқашан бақытты болмайды. Содан кейін оған сыртқы ортасы әсер етеді, мысалы, мектеп, колледж, жоғарғы оқу орнында да буллинг болып, ешкім араласпаса, мұның бәрі депрессияға әкеледі", - деп қорытындылады ол.
Еске салайық, бұған дейін психикалық денсаулық орталығында балалар жиі қандай диагнозбен есепте тұрғанын жазған болатынбыз.
А. Жапатова