Жасөспірім топтық төбелес кезінде қаза тапқан: Қызылорда облысында 14 жыл бұрынғы қылмыс ашылды

Қызылорда облысында 14 жыл бұрын болған кісі өлімі ашылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қайғылы оқиға 2012 жылы қазанда Қармақшы ауданы Жосалы кентінде болған. Топтық төбелес кезінде жасөспірім пышақ жарақатын алған. Ол аудандық ауруханаға жеткізілгенімен, дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмаған. Жәбірленуші есін жимастан көз жұмған.

Оқиғадан кейін төбелеске қатысқан адамдар анықталып, тексерілген. Алайда тікелей дәлелдер мен куәгерлер болмауына байланысты қылмыс ұзақ жыл бойы ашылмай келген.

"Биыл жедел тергеу тобының мұқият жұмысының нәтижесінде басты куәгер анықталып, оқиғаның толық мән-жайы ашылды. Жедел іс-шаралар барысында полицейлер күдіктіге шыққан. Ол сол төбелеске қатысқан адам болып шықты және басқа ауыр қылмыс жасағаны үшін жазасын өтеп жатқан. Күдікті Қызылорда қаласындағы тергеу изоляторына жеткізілді. Жиналған дәлелдердің арқасында ол өз кінәсін мойындады. Тергеу барысында қылмысқа жастар арасындағы өзара араздық пен жанжал себеп болғаны анықталды. Қазір күдікті қамауда отыр, қылмыстық іс сотқа жолданды", - деді ІІМ криминалдық Полиция департаменті бастығының орынбасары Руслан Назаров.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!