Жасөспірім мектепте балта ұстап жүрген видео тарады: жағаұстатар жағдайға қатысты жаңа дерек шықты

Жасөспірім мектепте балта ұстап жүрген видео тарады: жағаұстатар жағдайға қатысты жаңа дерек шықты
Фото: Видео кадры

Құлсары қаласындағы мектепте қатарластарын балта ұстап қуған оқушы сабаққа қосылды. Сот шешімі бойынша жасөспірім білім алуын жалғастыра береді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "КТК" телеарнасына сілтеме жасап.

Зардап шеккен оқушылар әлі ем алып жатыр. Осы оқиғадан кейін мектеп директоры қызметінен босатылған еді.

"9 ақпанда бала сабаққа қосылды. Себебі сот отырысының алғашқы отырысы өткізіліп, ата-анасының, адвокаттың сұрауы бойынша және бала кәмелетке толмағанын ескеріп, денсаулық сақтау орындарына, білім беру мекемелеріне баруына келісім беріліп, үй қамағына жіберілді. Басқа уақытта бала үйінде болады", - деді Атырау облысы Білім басқармасының басшысы Марат Әбуов.

Телеарна мәліметінше, оқушы қолына ұстап келген балта әлі табылмаған.

Еске салайық, 5 ақпанда 102 арнасына Құлсары қаласында 10-сынып оқушысы қатарластарымен жанжалдан кейін оларға шабуыл жасап, мектеп аумағынан бой тасалағаны туралы хабарлама түскен. Оқиға салдарынан екі оқушы жеңіл дене жарақатын алды.

Бұл дерекке қатысты бұзақылық бойынша қылмыстық іс қозғалды. 15 жастағы күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалып, Ішкі істер органдарының есебіне алынды.

Кейінірек зардап шеккендердің жағдайы белгілі болды.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget