- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Жасанды интеллектіні жедел...
Жасанды интеллектіні жедел дамыту қажет - Президент
Президент жасанды интеллектіні жедел дамыту қажет екенін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Ғылыми-техникалық прогресс жаһандық экономиканың сипаты мен адамдардың тұрмыс салтының жылдам өзгеруіне ықпал етіп отыр. Күні кеше ғана қиял-ғажайып болып көрінген технологиялар бүгін шындыққа айналуда. Мұндай жағдайда еліміздің технологиялық және ғылыми-инновациялық дербестігін нығайту үшін бізге барлық мүмкіндікті пайдалану маңызды.
Жасанды интеллектіні дамытудың перспективасы зор. Кейбір бағалаулар бойынша жасанды интеллект 2030 жылға қарай әлемдік ЖІӨ-нің 7 пайызын қамтамасыз етеді. Ал 2027 жылға қарай жаһандық жасанды интеллект нарығының капитализациясы 400 миллиард доллардан асады.
Бүкіл әлемде жасанды интеллект адам еңбегін алмастырып жатыр. Медициналық диагностика және заңгерлік кеңес беру сияқты күрделі салаларда да кеңінен қолданыла бастады. Тіпті, нейрожелілер сурет салып, музыка, өлең жазады", - дейді президент.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы жасанды интеллект саласында маман тапшылығы бар екенін айтады.
"Дербес тіл моделін әзірлеу – жасанды интеллект саласындағы болашағы зор бағыттың бірі. Қазір қазақ тілі моделін жасау жұмысы қолға алынып жатыр. Осы жұмысқа сегіз ғылыми-зерттеу институты мен жоғары оқу орнынан тұратын консорциум тартылды. Бұл бастама цифрлық дербестігімізді қамтамасыз етеді. Сондай-ақ мемлекеттік тілді дамытуға мықты серпін береді.
Жасанды интеллект саласында маман тапшылығы бар екенін білесіздер. Бұл мәселені тез арада шешу қажет. Әрине, нақты жұмыстар да атқарылып жатыр. Еліміздегі бірқатар жоғары оқу орындарында Google және Huawei сияқты көшбасшы компаниялардың арнайы курстары ашылды. Корея, Қытай елдеріндегі жетекші білім ордаларымен келісімге қол жеткіздік. Білім алмасып, мамандарды бірлесе даярлау туралы уағдаластық бар. Бізге өскелең ұрпақтың жаңа цифрлық технологияны еркін меңгергені керек. Сол үшін орта мектептер мен жоғары оқу орындарындағы білім бағдарламаларын қайта қарау қажет. Әсіресе, жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін үйренуге баса мән берілуге тиіс.
Жалпы Үкімет жасанды интеллект саласын жан-жақты дамытуға барынша назар аударуы керек. Бұл жұмыста Ұлттық кеңес мүшелерінің әлеуетін пайдаланған абзал. Кеңес құрамындағы жұмыс тобына ұсынылған сарапшылар тізімін бекітуді тапсырамын. Олар жасанды интеллект индустриясындағы өзекті мәселелерді шешуге белсене қатысуға тиіс", - дейді президент.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
С. Сатыбалдина