Жасанды интеллект мұғалімдерді алмастыра ала ма? Асхат Аймағамбетов жауап берді

Жасанды интеллект мұғалімдерді алмастыра ала ма? Асхат Аймағамбетов жауап берді
Фото: tengrinews.kz

Жасанды интеллект мұғалімдерді алмастыра ала ма? Бұл сұраққа бұрынғы білім және ғылым министрі, қазіргі Парламент мәжілісінің депутаты Асхат Аймағамбетов жауап берді, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Танымал коуч әрі блогер Роза Әшірбаева өзінің instagram-парақшасында экс-министр Асхат Аймағамбетовке жасанды интеллектіге қатысты сұрақ қояды.

"Қазіргі уақытта ChatGPT секілді технологиялар дамып жатыр. Менің ойымша, ешбір жасанды интеллект технологиясы баланың санасына, миына және тәрбиесіне тікелей әсер етіп, мектепті, мұғалімді алмастыра алмайды. Білім дегеніміз не? Білім дегеніміз – бірінші кезекте ол ақпарат жиынтығы емес, ол адамның интеллектуалдық, моральдық және рухани дамуы. Мысалы, мұғалімнің баланың жанына барып, баланың басынан сипауы, баланың ішкі әлемін түсінуі, оны сезінуі, оның көңіліне қарай ақпарат беруін ешқандай технология алмастыра алмайды.

Мектеп деген жай ғимарат емес қой. Мектеп деген – баланың достарымен қарым-қатынас орнатуы, достар табуы, әлеуметтенуі. Біз жалпы әлеуметтену арқылы қоғамға бейімделеміз. Қазіргі уақытта жасанды интеллект заманында бізде сапалы білім алу деген одан сайын маңызды болып бара жатыр. Зерттеушілердің айтуы бойынша, болашақта басқа бір парадокс болады. Бір жағынан, үлкен жұмыссыздық орын алса, екінші жағынан жұмыс орындары өте көп болады екен. Себебі сол жұмыс орындарына адам табылмайды. Жаңа құрылатын жұмыстар қазіргідей қарапайым жұмыстар емес, олар жаңағы жасанды интеллектімен жұмыс істей алатын қосымша дағдыларды қажет етеді. Өйткені барлығы сол жасанды интеллектімен байланысты болады. Жасанды интеллект – қосымша құрал және ол бізге қосымша мүмкіндіктер береді. Біз одан қорықпауымыз керек, онымен қалай жұмыс істеуді үйренуіміз керек", – дейді Асхат Аймағамбетов.

Оқи отырыңыз: Жасанды интеллектінің дамуынан қорқу керек пе және оның дамуымен қандай мамандықтарға сұраныс азаюы мүмкін?

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

А. Жапатова