- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Жас қыздарды алмаймыз"....
"Жас қыздарды алмаймыз". Кімдер суррогат ана бола алады?
Интернетте "біреуге бала тууға әзірмін" деген хабарлама көбейген. Мұны көбіне 18-27 жас аралығындағы қыз-келіншектер берген. Алайда суррогат ана орталықтары мұндай қызметке жас қыздарды алмайды екен, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Астана" телеарнасына сілтеме жасап.
"Гонорарым 3 миллион негізі. Негізі басында көтерген кезде 1,5 миллион теңге береді. Туғаннан кейін 1,5 миллион береді. Кәдімгідей келісімшартпен болады. Сосын ай сайын 100 мың теңге", - дейді хабарландыру берген қыздың бірі.
Бұл қызметке сұраныстың жоғарылығы сонша, қазір әр қалада заңды түрде суррогат ана орталығы жұмыс істейді.
"Болам деген қыздар көп. Біз 25 жастан 33-34 жасқа дейін ғана аламыз. Жас қыздарды алмаймыз. Өйткені психологиясы дайын емес. Олар жарнама көргеннен кейін, ақшасы төленеді дегеннен кейін келеді, бірақ мұны сезінбейді", - дейді орталық директоры Дамира Бекбергенова.
Суррогат ана болу тәртібі "Неке және отбасы туралы" Кодексінің тоғызыншы тарауында жазылған. Онда суррогат ананың жасы мен денсаулығы көрсетілген.
"Суррогат ана 20-дан 35-ке дейін болу керек. Екінші талап бұл – арнайы медициналық ұйымның қорытындысы керек. Ол жерде денсаулығы, психикалық және репродуктивті денсаулығы сай екенінің қорытындысы керек. Үшіншісі ол – суррогат ананың бір туған сау баласы болуы керек", - дейді заңгер Олжас Лекеров.
Ал дін өкілдері суррогат жолмен дүниеге келген бала некесіз туған боп есептелетінін айтып отыр.
"Жалға берілетіндей адамның құрсағы, бұл рұқсат берілген зат емес. Біреу өзінің үйін, өзінің көлігін, өзінің ыдысын жалға беруге болады. Ал әйелді, некелі әйел өзінің ғана күйеуіне халал болады", - дейді ҚМДБ жанындағы ғұламалар кеңесінің мүшесі Сансызбай Құрбанұлы.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
М. Лұқпан