"Жас қанат-2015" байқауының жеңімпазы анықталды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Астана әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Баспасөз қызметінің мәліметінше, Астанада Бейбітшілік және келісім сарайында 24-ші "Жас қанат" республикалық конкурсының финалы өтті. Жас орындаушылар додасында Көкшетау қаласының атынан қатысқан Ринат Теміржан жеңіске жетті. Ол бас жүлдемен қоса, елорда әкімінің ақшалай сыйлығына ие болды.
"Екінші және үшінші орынды қарағандылық Лаура Айтбаева мен астаналық Сұлтан Ахмет алды. Биыл 15 қатысушының финалға алтауы ғана жетті. Атап айтқанда, астаналық Еркебұлан Тұрмахамбетов пен Сұлтан Ахмет, қарағандылық Лаура Айтбаева, Екібастұз қаласының атынан қатысушы Айбар Ашкеев, Степногор қаласының өнерпазы Владимир Новиков, сондай-ақ, көкшетаулық әрі осы конкурстың жеңімпазы болған Ринат Теміржан", - делінген әкімдік хабарламасында.
Айта кетейік, байқаудың ұйымдастырушылары - "Хабар" агенттігі, Астана қаласының әкімдігі және "Азия дауысының" дирекциясы.