Massaget.kz және Tengrinews.kz журналистері Ернар Алмабек пен Шоқан Алхабаев 24 маусым күні жарылыс болған Арыс қаласы мен эвакуация орындарына барып, арнайы репортаж дайындады.
Шымкентте не болып жатыр?
Сағат түнгі 3 шамасында Шымкентке жеттік. "Бекжан" базарының жанындағы мешітте үлкен штаб бар. Арыстан эвакуацияланғандар сонда. Түнде мешітте 200-ге жуық адам түнеді.
Шымкенттің барлық дерлік мектебінде эвакуация пункттері ашылған. Біз олардың үшеуінде болдық. Әрқайсында 100-ге жуық адам бар.
Төтенше жағдайға байланысты қаланы тастап кетуге мәжбүр болғандарға алғашқы гуманитарлық көмек көрсетіліп жатыр.
Жедел жәрдем эвакуацияланған тұрғындардың денсаулығын тексеріп жүр.
Айта кетейік, 24 маусымда Арыстағы әскери бөлімнің қоймасында бірнеше жарылыс болып, қала түгелімен эвакуацияланған. Жарылыс салдарынан 2 адам қаза тапты: бір әскери қызметкер мен бір қала тұрғыны. Қалада болған оқиғаларға байланысты "Қауырт желісі" жұмыс істеп тұр.
Тәулік бойы қажетті ақпаратты Шымкент қалалық ТЖ департаментінен 8 (7252) 44-94-72, 35-33-66 нөмірлері бойынша алуға болады; Түркістан облысының ТЖД: 8 (7253) 35-83-02; ІІМ ТЖ Комитеті: 8 (7172) 53-32-84, 53-32-79.