Шымкентте сауда үйінен алапат өрт шықты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Куәгерлер оқиғаның видеосын әлеуметтік желіде жариялап жатыр. Олардың бірінің айтуынша, Ордабасы алаңындағы сауда үйі өртеніп жатыр.
"9 өрт сөндіру есебі өртті сөндіріп жатыр. Өрт сөндіру сатысы алынды, екі жедел жәрдем келді. Төле би даңғылы жабылды. ...Тауарлар мен тұрмыстық заттар шығарылды. Бұл көшедегі барлық сауда бутигінде тұрмыстық техника сатылады. Жалын шамамен үштен кем емес ғимаратты шарпыды. ...Қайта-қайта бірдеңе жарылып жатыр. Басында қатты болды, шатырда жарылғандай сезілді", - деп жазған әлеуметтік желідегілер.
Төтенше жағдайлар министрлігі мәліметінше, шақырту түстен кейін түскен.
"17 шілдеде сағат 15:24-те Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданы Төле би көшесі бойындағы дүкен мен қоймадан түтін шығып жатыр деген хабарлама түсті. Күштер мен құралдар оқиға орнына, шақырту бойынша жіберілді", - делінген хабарламада.
Қаза тапқандар мен зардап шеккендер туралы дерек жоқ.
Ведомство мәліметінше, 2-қабатты тұрмыстық техника сататын "Темірлан" дүкенінің көлемі 150 шаршы метр шатыры (ғимараттың жалпы ауданы 950 шаршы метр, шатыры шиферден) және жапсарлана соғылған жалпы көлемі 650 шаршы метр қойма жанып кеткен.
"Өрт сағат 16:45-те оқшауланды. Оқиға орнына Төтенше жағдайлар департаментінің 62 қызметкері мен 17 техникасы, Апат медицина орталығының 3 қызметкері мен 1 техникасы жұмылдырылды", - делінген хабарламада.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!