Үкімет отырысында премьер-министр Олжас Бектенов сумен жабдықтау және су тарту жобалары бойынша кестеден кешігіп жатқан бірқатар өңірді атады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Олжас Бектеновтің сөзінше, бірінші жарты жылдықтың өзінде мемлекеттік органдарға сумен жабдықтау мәселелері бойынша тұрғындардан 30 мыңға жуық арыз-шағым түскен. Тиісті ведомстволарға жұмысты тезірек аяқтау жөнінде тапсырмалар берілді:
- Су ресурстары мен ирригация министрлігі және Ақмола облысы әкімдігінің алдына қысқа мерзімде елорда маңындағы ауылдарды орталықтандырылған сумен қамтамасыз ету шараларын қабылдау міндеті қойылды.
- Маңғыстау облысының әкімдігіне 15 шілдеге дейін Кендірлі зауытын іске қосу жұмыстарын аяқтап, Жаңаөзен қаласына су беру тапсырылды.
- Қаржы, Өнеркәсіп және құрылыс министрліктері Ұлытау облысы әкімдігімен бірлесіп, 1 тамызға дейін Жезқазғанда су тазарту құрылысын реконструкциялау жобасын қосымша қаржыландыру жөнінде шешім қабылдауы қажет.
"Өнеркәсіп және құрылыс, Су ресурстары министрліктері мен өңір әкімдіктеріне кешігіп жатқан жобаларды толық аяқтау үшін түбегейлі шаралар қабылдауды тапсырамын", - деді Олжас Бектенов.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Ж. Қадыржанова