Кәсіпті орта жаста бастап, дөңгелетіп жүрген жандар көп. Соның бірі - Алматыдағы "Зердеш" балабақшалар мен мектебінің негізін қалаушы Марияш Тілеубаевамен Massaget.kz тілшісі сұхбаттасты.
"Қызымыздың атын қойдық"
Марияш кәсіпті 31 жаста бастаған.
"Кәсіп ашқанша үй шаруасында болдым. 4 балам бар. Соларды өсіріп, тәрбиеледім. Қазір Құдайға шүкір, немерем бар. Кәсіптегі алғашқы қадамды 31 жасымда бастадым. Қазіргі жастарға қарағанда расында кеш бастаппын. Балалар өсіп қалды, жұмыс істегім келді. Бірақ бір жерге барып жұмыс істеуді қаламадым. Өйткені, өмірімде ондай жұмыс істеп көрген жоқ едім. Сондықтан, бірден кәсіп бастауды ойладым", - деді кәсіпкер.
Оның айтуынша, мектептің атауын кішкентай қызының атымен атаған.
"Жалпы бұл кәсіптің идеясы көпбалалы ана ретінде балаларға жағдайы жақсы балабақша қажеттілігінен туындады. Алғашқыда 2016 жылы балабақша, кейін 2018 жылы мектеп аштық. Қазіргі таңда 3 балабақша, 2 мектеп бар. Бұдан бөлек екі мектепте құрылтайшымын. Балабақша мен мектепке қызымыз Зерденің атын бердік. Оны Зердеш деп еркелетеміз", - деді кәсіпкер.
"Әншілердің баласы оқиды"
Кәсіпкер нақты бизнес-жоспар болса, несие алудан қорықпау керегін айтты.
"Балабақша ашқан кезде өзіміз тұрған үйді балабақшаға айналдырдық. Бірақ кәсіпті бастауға 400 мың доллар несие алдық. Нақты жоспар болса, несие алудан қорықпау керек деп ойлаймын. Бастаған істің табысы несиені жауып тұруы керек. Барлығын нөлден бастадым. Алғашқы клиентті Instagram-нан таптық. Сол кездері Аминока, Адёка деген қыздарға жарнама бердік. Ал олар балабақшаға тегін келді. Сөйтіп, әлеуметтік желіден парақша ашып, әрі қарай жүргізіп кеттік.
Алғаш рет балабақшаға Сәкен Майғазиев баласын әкелгенде қатты қуандым. Сондай деңгейдегі жұлдыз бірінші рет бізге келгенде шынымен басқаша сезім болды. Сәкен жарнама да жасады, ақшасын да төледі", - деді ол.
Ал мектепті ашқан кезде кәсіпкер маркетологпен жұмыс істеген.
"Мектепті ашқан кезде маркетолог іздедім. Қымбат ханыммен жолығып, әлі күнге дейін бірге жұмыс істеп келеміз. Қазіргі таңда көптеген шоу-бизнес өкілдері біздің балабақша мен мектептерде балаларын оқытып жатыр. Бұл өз кезегінде кәсібіміздің танымал болуына септігін тигізіп жатыр. Бастапқыда жарнама жасағаны үшін тегін оқытатынбыз. Қазір белгілі бір жеңілдік жасалады. Брендіміз қалыптасып, бизнесіміз өсіп жатқандықтан, енді тегін оқыта алмаймыз.
Мектепте өзге ұлт өкілдері, оның ішінде орыстар балаларын жиі әкеледі. Бұдан бөлек шоу-бизнес өкілдерінен Тәуекел Мүсілім, Аша Матай, Сәкен Майғазиев, Мирас пен Құралай,т.б. әнші-актерлардың балалары оқиды. Оларға ешқандай жеңілдік берілмейді. Барлығы ақысын төлеп оқиды", - деді ол.
"Арнайы грант беріледі"
Кәсіпкердің айтуынша, мектепте жақсы оқитындар үшін арнайы грант бөлінген.
"Бізде өте жақсы оқитын, үздік балаларға грант беріледі. Қазіргі таңда 10 бала тегін оқиды. Бұл грант оқу ақысын төлеуге мүмкіндігі жоқ отбасы балаларына арналған. Олар арнайы тестілеуден өтеді", - деді ол.
"Зердеш" мектебінде бірде-бір орыс сыныбы жоқ.
"Зердеш" балабақша мен мектептерінің қазақша болуын қаладым. Біздің ерекшелігіміз де қазақи болғандығымызда деп айтар едім. Бірде бір балабақша, мектебімізде орыс сыныптары жоқ. Кейбір әріптестерім "сендерге сұраныс қалай көп?" деп таңғалады. Керісінше, бәрі қазақша болғаны үшін де бізді іздеп келетіндер көп. Ата-аналар тарапынан "таза қазақи болғандарыңыз үшін ұнайсыздар" деген пікірлер жиі аламыз. Күннен күнге мұндай ата-аналар саны көбейіп жатыр", - деді ол.
"Айына - 250 мың теңге"
Кәсіпкердің айтуынша, мектепке 0-11-сыныпқа дейін қабылданады.
"Мектепте 0-11-сыныпқа оқушылар қабылдаймыз. Оқу құны - айына 250 мың теңге. Оқушы таңғы 8-ден кешкі 5-ке дейін мектепте болады. Үш мезгіл тамақ, қосымша үйірмелер осы бағаның ішіне кіреді. Мектепте домбыра, математика, ағылшын тілі пәндері тереңдетіліп оқытылады", - деді ол.
Оқушы мектепке қабылданарда жазбаша тест алынады.
"Біз баланың қабілетін анықтау үшін арнайы тест аламыз. Бірақ қазіргі таңда ерекше балаларға сұраныс жиі түсіп жатыр. Бізде бұған жағдай жасалмаған. Себебі инклюзивті оқыту үшін арнайы мамандар керек. Болашақта инклюзивті сыныптарды қосу ойымызда бар. Өйткені сұраныс көп әрі сондай ата-аналарға өзіміз де көмектескіміз келеді", - деді Марияш.
"Арнайы білім алмадым"
Марияш кәсіп ашу бойынша арнайы білім алмаған. Барлығы тәжірибе арқылы жүзеге асқан.
"Кәсіпте келеңсіз жағдайлар көп болды. 2018 жылы мектепті ашқан кезде бір жыл бойы минуста болдық. Ол кезде басқа кәсібіміздің ақшасын салып, мектепті жаппай, аман алып шықтық. Екінші жылы 0-ге, үшінші жылдан бастап кіріске шықтық. Бәрі бірден болып кетті деп айта алмаймын. Ал қазіргі таңда инвестиция салып, соны еселеп қайтарып жұмыс істей алатын дәрежедеміз", - деді кәсіпкер.
"Балаларым бизнеске бейім"
Марияш кішкентай кезінен шаруаға бейім болған.
"Ата-анам жаңа үй салған кезде 5 жаста болдым. Сол кезде әкеме үй салуға көмектескенім есімде. Шаруа жасауға ерінбейтінмін. Физикалық, қара жұмыс істеу адам өміріне үлкен әсері бар деп айтар едім. Кейін ата-анамның медициналық орталығы болды. Студент кезде орталықтың телефонына жауап беріп, өтініштер қабылдайтынмын. Былайша айтқанда, 1992-1993 жылдардағы "маркетологпын" ғой" (күлді).
Кәсіпкердің айтуынша, балалары да кәсіп бастауға бейім.
"Үлкен қызым мен күйеубалам екеуі қазіргі таңда маған серіктес болып жұмыс істейді. Қызым 3 балабақшаның атқарушы директоры қызметін атқарады. Бизнеске қабілеті бар. Ал ұлым мемлекеттік қызметкер болғанымен, кішкентайынан бизнеске қабілеті жоғары болды. 12 жасынан бастап ақша тапты. Алғашқы машинасын 18 жасында жинаған ақшасына сатып алды. Одан кейін 19 және 7 жастағы қыздарым бар.
Жолдасым да кәсіпкер. Әрқашан маған қолдап, көмектесіп отырады", - деді ол.
Еске салайық, бұған дейін "Ата-анама Дубайға жолдама сыйлап, пәтер алдық". Кондитерлік дүкеннің иесі кәсібінің құпиясын бөліскені туралы жарияланған болатын.
Тағы да оқи отырыңыздар: Айдың 31 күні дүниеге келген адамдардар қандай болады?
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!