Мәдениет және ақпарат министрлігі отандық кинематографияда өзіндік қолтаңбасын қалдырған танымал актер, тележүргізуші Мұрат Бисенбиннің қазасына байланысты отбасы мен жақындарына, әріптестері мен барша өнерсүйер қауымға қайғыра көңіл айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Мұрат Бисенбин - ұлттық кино өнері дамуына сүбелі үлес қосқан тұлға. Ол бірқатар фильм мен тележобаларда көрерменге кеңінен танылып, экранда жасаған көркем бейнелері арқылы отандық кинематография тарихында өз орнын алды. Өнер иесінің жарқын бейнесі, шығармашылық мұрасы мен адамдық болмысы ел есінде мәңгі сақталады деп сенеміз. Марқұмның жаны жәннатта, иманы саламат, топырағы торқа болсын!" - деп жазылған хабарламада.
Актер Саят Исембаев та әріптесі туралы жазба жариялады.
"Керемет актер, бауырымыз Мұрат Бисенбин өмірден озды. Жаның жәннатта болсын", - деді ол.
Еске салайық, бұған дейін қалың көпшілікке "Рэкетир" фильмі арқылы танылған актер Мұрат Бисенбин 53 жасында қайтыс болғаны хабарланды.
Мұрат Бисенбин - актер, тележүргізуші. Кинодағы жолы 2001 жылы басталған. Актерліктен бөлек ол бокспен, ауыр атлетикамен, бодибилдинг және пауэрлифтингпен айналысқан.
Мұрат Бисенбин 1972 жылы 11 қазанда дүниеге келген. Ол - Қызылорда қаласының тумасы. Ауыл шаруашылығының инженер-механигі мамандығы бойынша білім алған. "Рэкетир" фильміндегі Руслан рөлінен кейін үлкен танымалдыққа ие болған.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!