28 қазанда Қарағанды облысындағы Костенко атындағы шахтада жарылыс болды. Алғашында жеті адам қаза тапқаны айтылса, кейін көз жұмғандар саны 46-ға жетті. 28 жыл ішінде 184 адам қаза тапқан. Марқұмдардың туыстары "Көреміз" бағдарламасына оқиға туралы айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Шахтада қаза тапқан кеншілердің бірі - Ақынжан Орақбаев. Оның терме айтқан соңғы видеосы әлеуметтік желіде тарап кетті. Оның анасы Әлфия Байменова әлі күнге дейін үмітін үзбейтінін айтты.
"Бір кезде 8 адам табылды деп келді. Ішінде Ақынжан жоқ деді. Жалғыз ұлым еді, 26 қазанда 28-ге толған еді. Екі күннен кейін қайғылы оқиға болды. Өнерге жақын еді, әкесі - әнші, ақын, домбырашы. Біздің үйіміз болмады. Пәтер жалдап тұратын едік. Оның алдында ол құрылыста, жиһаз дүкендерінде жұмыс істеп жүрді. "Мама, шахтаға кірмесем болмайды, мына айлыққа үй ала алмайыз" деді. Бір күні құжаттарын алып, былтыр кірді. Жалақы 500 мыңдай бар еді. Бірінші кездері жұмыс ауыр деген жоқ, ән айтып келетін. Енді осы шахтадан шықпаймын, үй аламын деді. 2020-да үйленді, 3 жасар қызы бар, келіншегі екіқабат, жақында туады", - дейді анасы.
Ақынжан Орақбаевтың бауыры Нұркен туған күнінде өзіне көлік алғанын айтқан еді. Көлік алмас бұрын пәтер де алған.
"Бәрі көмектесіп жатыр. Жәрдем бергеннен не пайда, қасыңда тіреуші болмаса", - дейді марқұмның әйелі Нұрсәуле.
Отбасына шахтадағы жарылыс туралы келіннің әпкесі естірткен.
Еске салайық, бастапқыда Костенко шахтасында 7 адам қаза тапқаны белгілі болды.Артынша қаза тапқандар саны 46 адамға жетті. Сонымен қатар, ауруханада жатқан зардап шеккендердің жағдайы айтылды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қаралы жағдайдан кейін "АрселорМитталТеміртаумен" ынтымақтастықты тоқтатуды тапсырды.
Тағы да оқи отырыңыздар: Табиғи ресурстар қалай жіктеледі?
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!