- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Жарақат алған жұмысшының...
Жарақат алған жұмысшының еңбекақысы қалай беріледі?
ҚР Еңбек, әлеуметтік қорғау және миграция комитетінің деректеріне сүйенсек, елдегі әрбір төртінші жұмысшы денсаулыққа зиян, қауіпті жұмыс орнында еңбек етеді екен. Олардың ішінде әрбір екінші жұмысшы шулы, дауысы қатты өндіріс орындарында, әрбір үшіншісі шаң басқан, газды, тыныс алу қиын аумақта жұмыс істейді.
Мұндай өндіріс орнында жарақат қауіпі жоғары. Сондықтан жұмыскер жұмыс берушімен міндетті сақтандыру шартын жасап алғаны жөн. Ал ең бастысы, жұмысшы өз құқығын өзі қорғай алуы маңызды.
Сол себепті өндірісте жарақат алған жағдайда қалай өтемақы алу мен еңбекақы алудың жолдарын білген дұрыс.
Мамандардың айтуынша, жұмыс орнында жүріп жарақат алғанда, жұмыс берушіден де және сақтандыру қорынан да өтемақы алуға болады, тек міндетті түрде еңбек келісімшартын жасауы қажет.
"Жұмыскер еңбек міндеттерін атқару кезінде жарақат алған болса, жұмыс беруші оған өтемақы төлеуге міндетті. Ал егер жұмысшы медициналық сараптама бойынша еңбекке деген кәсіби қабілетін 5-29% аралығында айырылған болса, онда жұмыс беруші емделуге жұмсалған қаржы мен осы уақыт аралығында алмаған еңбекақысын өтейді. Егер денсаулығы 30-50%-ға дейін жарамсыз болса, онда жұмыс беруші тексерген комиссияның белгіленген уақытына дейін ай сайын төлемақы төлеп тұрады. Белгіленген уақыттан кейін жұмыскер сауықса, қайта жұмысқа оралады не мүгедектік алса, сақтандыру шартына орай төлемақы төленіп тұруы керек", - дейді ШҚО Мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Бақытбек Қизатов.
Одан бөлек, мекеменің өзі де ұжымдық шарт жасасып, жазатайым жарақат алған жұмысшысына белгілі бір сомада төлемақы төлеп отырады. Бұл – көбіне ірі өндірістік кәсіпорындарда болатын қосымша төлемақы.
Өндірісте жарақат алған жұмысшы жайында мекеменің әкімшілігі еңбек инспекциясына хабар береді. Ал екі күннен кейін аурухана науқастың қазіргі жағдайы жайлы хабарлайды. Содан бастап инспекция комиссия құрып, оқиғаны тексеруге кіріседі. Зардап шегуге себеп болған жұмысшы ма әлде жұмыс орнының жағдайы ма – соны анықтайды. Кейде екеуі де кінәлі болуы мүмкін.
Мұндайда комиссия бір апта не он күн бойы жағдайды жан-жақты тексере келе, кімнің кәнісі көбірек – соны анықтап, соған орай өтемақы көлемін белгілейді.
"Егер мекеме зардап шеккен жұмыскері жайында хабар бермесе не тергеуге кедергі келтірсе, онда оған айыппұл салынады", - дейді Бақытбек Құрманбекұлы.
Кейде жұмыскердің кәсіпорыннан өтемақы ала алмай қалатын кезі болуы мүмкін. Мәселен, банкротқа ұшырау, құлдырау не басқа да әкімшілік-қаржылық қиындықтарға тап болуы сияқты жағдайлар кездеседі. Мұндайда азамат төлемақы алу үшін мемлекеттік қолдау бағдарламасына құжат жинап тапсыруы керек.
"Бірақ сақтандыру қоры өтемақыны төлеуді тоқтатпайды. Бұдан еш қиындық туындамауы тиіс. Қазір еңбек келісімшартын жасасу кезінде сақтандыру компаниясымен де келісімге отыру міндеттелген. Бірақ сақтандыруға қаржыны кәсіпорын не мекеменің өзі аударады", - дейді өңірдің бас еңбек инспекторы.
Қ. Слямбек