Жапониядағы жойқын жер сілкінісі салдарынан 13 адам қаза тапты

Жапонияның оңтүстік-батысындағы Кюсю аймағында тіркелген магнитудасы 7,1 балл болатын жер сілкінісі салдарынан 13 адам қаза тапты. Зардап шеккен аудандарда ғимараттар мен көпірлер қираған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі NHK басылымына сілтеме жасап.

Басылым мәліметінше, Кумамото префектурасындағы жерасты дүмпуі жапониялық сейсмикалық қарқындылық шкаласы бойынша ең жоғары 7 балға жеткен. Жапонияда мұндай қуатты жер сілкінісі соңғы рет 2024 жылдың басында Ното түбегінде тіркелген болатын.

Жапония премьер-министрі Такаичи Санаэ Кумамотодағы бірнеше жерасты дүмпуінен 13 адам қаза тапқанын, тағы 31 адам жарақат алғанын мәлімдеді.

Жапонияның метеорология агенттігі тұрғындарды жаңа жерасты дүмпуіне дайын болуға шақырды.

"Алдағы апта бойы, әсіресе, екі-үш күнде сейсмикалық қарқындылығы 7 балға жететін жер сілкіністеріне дайын болға шақырамыз", - деп жазылған ведомство хабарламасында.

Кумамото қаласына іргелес орналасқан Касима қаласындағы сауда орталығында жер сілкінісінен кейін жарылыс болды. Онда екі адам көз жұмды.

Жергілікті полицияның мәліметінше, жарылысқа дейін сауда кешенінен 200-ге жуық сатып алушы, қызметкерлер мен өзге де адамдар эвакуацияланған.

Жер сілкінісі салдарынан Яцусиро қаласындағы Nippon Paper Industries кәсіпорнында түтін мұржасы құлап, өзге де нысандар бүлінді. Онда да екі адам қаза тауып, тағы тоғыз адам хабар-ошарсыз кеткен.

Қаладағы көпірлердің бірінде жол төсемі опырылып, соның салдарынан көлік қозғалысы тоқтады. Аймақтағы ауруханаларға түрлі жарақатпен 130-дан аса адам жеткізілді.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз