Жапонияда бізден төмен: әлем елдерінде ҚҚС қанша пайыз?

Кешегі Үкімет отырысында премьер-министр Олжас Бектенов елдегі ҚҚС мөлшерлемесін арттыру қажет екенін айтты. Осылайша, Қазақстанда қосымша құн салығы мөлшерлемесін көтеру жоспарланып отыр. Алайда Үкімет әлі ҚҚС мөлшерін нақтыламады. Ал өзге елдерде қосымша құн салығы қанша пайыз? Massaget.kz тілшісі анықтады.
Үкіметтегі брифингте Серік Жұманғарин әлемдегі ең кең таралған мөлшерлеме - 20 пайыздық ҚҚС екенін алға тартты. Ал Қазақстанда - 12 пайыз.
Әлем елдерінде ҚҚС қанша пайыз?
Негізі қосымша құн салығының мөлшерлемесі (ҚҚС) ел мен аймаққа байланысты өзгереді. Мәселен:
ТМД елдері:
- Ресей, Беларусь, Украина, Армения - 20 пайыз;
- Қырғызстанда - 12 пайыз;
- Тәжікстанда - 18 пайыз;
- Өзбекстанда - 15 пайыз;
Еуропа елдері:
- Германия
- Аустрия, Болгария, Ұлыбритания, Словакияда - 20 пайыз;
- Бельгия, Испания, Латвия, Литва, Нидерланд пен Чехияда - 21 пайыз;
- Италияда - 22 пайыз;
- Польша және Португалияда - 23 пайыз;
- Дания, Хорватия, Швецияда - 25 пайыз;
- Ең көп Мажарстанда - 27 пайыз.
Азия елдері:
- Малайзияда - 6 пайыз;
- Таиланд, Сингапур - 7 пайыз;
- Жапония, Оңтүстік Корея, Вьетнамда - 10 пайыз;
- Қытайда - 13 пайыз;
- Үндістанда - 18 пайыз;
Аустралия, АҚШ, Канада сияқты бірқатар елдерде сату салығы бар. Бұл екі салық салыстыруға келмейді. Тауарларды өндіру барысында ҚҚС-қа тек қосымша құн салынады, ал сату салығы тізбелі әсер етеді, айналымға салық салынады, бұрын төленген салық есепке алынбайды.
Қосымша құн салығы дегеніміз не?
Қосымша құн салығы (ҚҚС) - мемлекетке төленетін жанама салықтың бір түрі, ол тауарлар мен қызметтердің қосымша құнына салынады. Қарапайым тілмен айтсақ, ҚҚС тауарды немесе қызметті өндірудің әр кезеңінде, сондай-ақ оны соңғы тұтынушыға сатқан кезде төленеді.
ҚҚС не үшін қажет?
ҚҚС - мемлекет бюджетінің маңызды бөлігі. Ол денсаулық сақтау, білім беру және инфрақұрылым сияқты қоғамдық қажеттіліктерді қаржыландыруға жұмсалады.
Айта кетейік, бүгін Астанада өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында премьер-министр Олжас Бектенов елдегі қосымша құн салығының (ҚҚС) мөлшерлемесін көтеру қажет екенін айтты. Алайда Үкіметте ҚҚС мөлшері әлі анықталмаған.
Кейінірек ҚР Премьер-Министрінің орынбасары, Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин қосымша құн салығы (ҚҚС) мөлшерінің өсуі Қазақстандағы бағаға қалай әсер ететінін айтты.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Б. Жұмаділлә