Сейсмолог Таңатқан Абақанов Қазақстандағы сейсмостанциялардың саны 200-ге жетпейтінін айтты. Сондай-ақ бұл құрылғылар жер сілкінісі болуы мүмкін орындарды анықтау үшін аса қажет екенін жеткізді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Алматының ішінде 15 сейсмостанция бар. Алматының маңында 40-қа жуық сейсмикалық станциялар бар. Жалпы Қазақстанда, кен орындарын қоса санағанда 200-ге де жетпейді. Жалпы сейсмикалық станцияларды қою дұрыс. Бірақ нақты қоя алатын мамандар керек. Еліміздегі мұндай құрылғылардың көбісі кеңестік кезеңде салынған. Сонымен қатар кен орындарына нақты сейсмикалық бақылау жасау керек. Тек бақылап қана қоймай алынған нәтижелерді бір жүйеге енгізіп төтенше жағдайлар министрлігіне беріп отыру керек", - деді сейсмолог.
Сондай-ақ Таңатқан Абақанов Алматыда жер сілкінісі қайталануы мүмкін екенін атап өтті.
"Алматыда жер сілкінісі қайталануы мүмкін. Бірақ оны ешкім болжай алмайды. Ол үшін құрылғыларды пайдаланып үлкен зерттеулер жасалуы керек. Бірақ құрылғылардың өздері өзінің жұмысын дұрыс атқара алмайды. Мәселен Жапонияда 8000-ға жақын сейсмикалық станция бар. Олардың өздері бәлен жерде, бәлен уақытта нақты жер сілкінеді деп айта алмайды. Қытайда 4000-ға жуық, Иранда 1500-ден аса сейсмикалық станция бар. Сейсмикалық станциялар - мына жерде жер сілкінісі болып қалуы мүмкін деген құрылысқа арналған картаны жасау үшін керек құрал. Сол себепті жер сілкінісіне төзімді құрылыс салуға зейін қою керек", - дейді Таңатқан Абақанов.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!