Жапонияда 56 көлік соқтығысып, оқиға орнында өрт шықты

Жапонияның Гумма префектурасында сенбіге қараған түні 56 соқтығысқан, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі NTV телеарнасының жаңалық қызметіне сілтеме жасап.

Минаками қаласы маңындағы Канэцу автомагистралінде жүріп келе жатқан ауыр жүк көлігі тайғанап кетіп, жолдың ортасында тоқтап қалған. Артынан келе жатқан жеңіл көліктер соған соғылып, соның салдарынан өрт шыққан.

Куәгерлердің айтуынша, апат еңіс жолда әрі бұрылыстан кейін болғандықтан, жүк көлігінің артынан келе жатқан жүргізушілер оқиға орнын алдын ала көрмей қалған.

Апатқа байланысты қазір бұл жол учаскесінде қозғалыс екі бағытта да тоқтатылған.

Жапон БАҚ дерегінше, ірі жол апатынан 1 адам қаза тауып, кемінде 26 адам жарақат алған. Олардың 5-еуі ауыр хәлде ауруханаға жеткізілген, қалған 21 адам жеңіл жарақат алған.

Куәгерлер болған жайттың мән-жайын айтып берді.

"Жеңіл көліктен алдымен түтін шықты, артынша от лап ете қалды да, жалын тез тарай бастады. Бәрі бұрылыста болды, адамдар не болып жатқанын түсінбей, соға берді. Жол төмен қарай құлдилап жатыр еді", - деді жүргізушілердің бірі.

Еске салайық, желтоқсанның басында Жапонияның солтүстігінде магнитудасы 7,6 болатын жер сілкінісі тіркелген. Жер сілкінісінің ошағы шамамен 50 шақырым тереңдікте орналасқан. Қатты дүмпу эпицентрден алыс аймақтарда да сезіліп, Токио тұрғындары да сілкіністі байқаған.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз