Жапония премьер-министрі Фумио Кишида бір күн бұрын Жапонияда болған жер сілкінісіне байланысты Қазақстанға келмейтін болды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Жапонияның Қазақстандағы елшілігінің мәліметінше, премьер-министр Фумио Кишиданың елімізге бұрын жоспарланған сапары тоқтатылды.
"8 тамызда Жапонияда жойқын жер сілкінісі болғанын, сондықтан премьер-министр Кишида мырзаның Қазақстанға сапарын тоқтату туралы шешім қабылданғанын хабарлаймыз, сәйкесінше, оны ілесіп жүрген делегация да, оның ішінде баспасөз хатшылары да, олардың орынбасарлары да келмейді", - деді елшілік өкілдері.
Олар қазақстандық тараптан кешірім өтінді.
Бұған дейін Жапонияның метеорологиялық агенттігі Кюсю аралының оңтүстік бөлігіндегі жер сілкіністерінен кейін Жапонияның Тынық мұхиты жағалауындағы Нанкай жарығында тағы бір жойқын жер сілкінісі болу ықтималдығы жоғары екенін ескерткен.
8 тамызда Астана уақытымен сағат 12:42-де магнитудасы 7,1 болатын жер сілкінісі болды. Жерасты дүмпу ошағы Жапонияның Кюсю аралының оңтүстік бөлігінде, Миядзаки қаласынан солтүстік-батысқа қарай 14 шақырым жерде орналасқан.
Еске салайық, Жапония премьер-министрі Фумио Кишида Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен 9-10 тамызда Қазақстанға сапармен келуді жоспарлаған болатын.
9 тамызда Астанада "Орталық Азия + Жапония" диалогының бірінші саммиті өтеді.
"Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Жапония премьер-министрі Фумио Кишида арасындағы екіжақты келіссөздер 10 тамызға жоспарланған", - деп хабарлады Ақорда.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!