Жапонның Sharp компаниясы жапон нарығына арнап RoboHon атты мобильді телефон шығарды. Сырт пішіні робот құрылымына ұқсайтын жаңа құрылғы жүреді, сөйлейді, тіпті, билей алады.
Ерекше мобильді корпусы бар инновациялық өнім 2 дюймді дисплеймен жабдықталған. Ол роботтың арқасына орнатылған. Ал камера мен проектор RoboHon роботының бетіне орналастырылған.
Мобильді телефон адамның дауысы мен бетін тани алады. Сонымен қатар, хабарламаларды оқып, электронды поштаны тексере алады. Байланыс үшін RoboHon LTE мен Wi-Fi модульдерін қолданады. Гаджет 1,2 ГГЦ жиіліктегі Qualcomm Snapdragon 400 MSM8926 процессорымен қамтамасыз етілген.
RoboHon телефоны тек Жапония нарығына арналып жасалған. Ресми ақпаратқа орай, өнім келесі жылдың басында сатылымға шығарылады. Ал оның бағасы туралы мәлімет әзірге айтылмады.