Жапонияның Hakuto-R Ай модулі Біріккен Араб Әмірліктерінің Rashid луноходымен Ай бетіне қону кезінде құлаған болуы мүмкін. Модульді жасаушы ispace сәрсенбіде құрылғының Ай бетіне сәтсіз қонғанын хабарлады.
Hakuto-R Айға қонатын алғашқы коммерциялық модуль болуы керек еді. Ол 2022 жылы желтоқсанда америкалық SpaceX компаниясының Falcon 9 зымыран тасығышының көмегімен Канаверал мүйісінен ғарышқа ұшырылды. 2023 жылдың наурыз айында өлшемі 2х2,5 метр және салмағы 340 келі болатын құрылғы Ай орбитасына жетті.
Қону әрекеті 26 сәуірде Жапония уақыты бойынша 01:40 шамасында жасалды, ол YouTube-те тікелей эфирде көрсетілді. Қону барысында модульмен байланыс үзіліп, компания инженерлері оны қалпына келтіре алмады. Қону уақытынан бірнеше сағат өткен соң миссия жетекшілері оның сәтсіз аяқталғанын айтты, оқиғаның себебі әлі де анықталуы керек.
Компания сәтсіздікке қарамастан, болашақ ғарыш миссияларды дайындау үшін пайдаланылатын "үлкен деректер мен тәжірибе" алынғанын айтты.