Жапон жігіті қазақ домбырасын насихаттап жүр

Қазақтың қара домбырасы, халық әндері мен күйлері уақыт өткен сайын жапон халқын баурай бастады, − деп хабарлады "24.kz".

Телеарнаның мәліметінше, Такахаши Наоки есімді жапон өнерпазы домбыра, қылқобыз және сыбызғы сынды аспаптарды мінсіз меңгерген. Такахаши Наоки − Фукуи префектурасының тұрғыны. Ағылшын тілінен сабақ береді. Алайда жас маманның бар ынта-ықыласы тілге емес, қазақтың ұлттық аспаптарына ауған сияқты. Ұлы дала елінің әндері мен күйлерін насихаттау жапон жігітінің биік мақсатына да айналған.

"Қазақстан − өте көркем, таңғажайып ел. Мен онда жиі бара алмасам да, сол жақта үйренген сүйікті ісімді өмір бойы жалғастыратын боламын", − дейді домбырашы Такахаши Наоки.

Такахашидің қазақ әуендеріне деген сүйіспеншілігі 13 жыл бұрын күтпеген жерден оянған. Кездейсоқ қолына түскен дисктен домбыраның үнін естіген ол мұның нендей аспап екенін білуге құмартады. Көп ұзамай ынтызар болған домбырасы қолына түседі. Сол сәттен бастап өнерлі жігіт күй тартуды өздігінен үйрене бастаған. Киелі аспаптың құдіреті кейін оны Қазақстанға да жетелеп алып келеді. Білікті ұстаздармен танысып, өзі өнерпаздармен араласқаннан кейін Такахаши "Қазақтың мәдениетіне тіптен құмарттым", − дейді. Оның таңдаған жары да қазақ қызы.

"Күйеуім екеуіміз дуэт құрдық, отбасылық әрі музыкалық дуэт. Жапондықтар қазақ әндері мен мәдениетіне қатты қызығады, ал халық әндерін тыңдағанда тіптен қуанады. Содан кейін олар Қазақстан туралы білгілері келіп, оның қай жерде, халқы қандай екенін сұрай бастайды. Біз бәрін айтып беруге тырысамыз", − дейді Такахаши Наокидің жұбайы, музыкант Инара Серікбаева.

Дереккөз