Қырғызстан президенті Садыр Жапаров "Кабар" агенттігіне берген сұхбатында елдің экс-президенті Алмазбек Атамбаевтың бостандыққа шығуына қатысты ойын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Егер шешімді сот пен құқыққорғау органдары шығарса, демек сол шешімге бағынуымыз керек. Заңға бағынып өмір сүруді үйренуіміз керек. Былтыр ол (Атамбаев-еск.) қазан оқиғалары бойынша, мектеп салу және шетелдік азаматтарға паспорттарды заңсыз беру туралы іс бойынша ақталып шыққан болатын. Сол кезде де соттың шешімі маңызды екенін атап өткен болатынбыз. Қазір де сол ұстанымдамыз", - дейді Жапаров.
Президент түрмеде отыруды қас жауына да тілемейтінін атап өтті.
Еске салайық, 14 ақпанда Қырғызстан Республикасының экс-президенті Алмазбек Атамбаев бостандыққа шыққанын хабарлаған едік. Оған Бішкек Первомай аудандық сотының шешімімен емделу үшін шет елге шығуға рұқсат берілді.
Алмазбек Атамбаев 2020 жылғы маусымда 11 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Ол Бішкек маңындағы колонияда жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды деген айыппен 16 жыл 8 айға сотталған қылмыс әлемінің авторитеті Азиз Батукаевтың мерзімінен бұрын түрмеден шығуына көмектесті деген айыппен сотталды.
Қырғызстанның экс-президенті Алмазбек Атамбаев Дубайға ұшып кетті
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!