Алматы қаласы әкімдігі Медеудегі өртті сөндіру кезінде қаза болған аға өртсөндіруші-құтқарушы Арслан Құрманбековтің отбасына көңіл айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Азаматтық қорғау сержанты Арслан Құрманбеков Іле-Алатау ұлттық табиғи паркіндегі тау баурайында өртті сөндіру кезінде қаза тапты.
"Ол жанып жатқан ағаштың діңі құлаған кезде алған жарақаттарынан қайтыс болды. Алматы қаласының әкімдігі марқұмның туыстарына қатты қайғырып көңіл айтады. Бұл - орны толмас ауыр қайғы. Құтқарушы мамандығының қашанда тәуекелі жоғары. Сержант үлкен қайғылы оқиғаның алдын алу үшін өз өмірін құрбан етті. Оның өшпес ерлігін әріптестері және қала тұрғындары ұмытпайды", - делінген хабарламада.
Еске салайық, бұған дейін Медеудегі тау баурайында өрт шыққаны хабарланған еді. Кейінірек тау баурайында өртті сөндіру барысында 1994 жылы туған Алматы қаласы ТЖД Өртсөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің қызметкері, 7-ӨСБ аға өртсөндіруші-құтқарушысы азаматтық қорғау сержанты Құрманбеков Арслан Жолдасбекұлы қаза тапқаны белгілі болды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!