Танымал журналист, тележүргізуші Ләйлә Сұлтанқызы марқұм жұбайын еске алып, бүгін туған күні екенін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Жыламаймын деп сөз бердім ғой, арасында сөзімде тұрмас үшін. Баламен бала болатын, үлкен-кішіні сыйлайтын, қалжыңбас, жарқын жүзді, әрқашан "ортаның гүлі" дейтін Қайрекең… Сен қасымда болғанда езуім жиылмайтын, ойнайтынмын, сенімен сырласып, кейде бір тоқтамай ішегіміз түйілгенше күлетінбіз, "Болды, қойшы" дегенде, "не болды, бензинің таусылды ма? Блютузыңды қоссайшы" деп одан сайын әкететін еді сондайда. Қазір де жазып отырып еріксіз жымиюдамын… Бүгін жанымда болғаныңда дүркіретіп тұрып туған күніңді тойлар едік… 58-ге толдың деп, толассыз тілек тыңдап…" - деп жазды Ләйлә Сұлтанқызы.
Желі қолданушылары Ләйлә Сұлтанқызына жылы сөздерін айтып, көңіліне демеу болған.
"Иманды болсын!", "Сіздің жолдасыңызға деген махаббатыңыз бен құрметіңіз қанша қазақтың әйеліне үлгі", "Сіздің ең керемет бағбаныңыз болды. Сізді жыл өткен сайын тек құлпыртты", "Иманды болсын, жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын", - деп жазды олар.
Еске салайық, былтыр 6 қарашада "Оқжетпес" емдеу-сауықтыру кешені АҚ президенті Қайрат Беркінбаев өмірден өтті.
Қайрат Беркінбаев 2019 жылы Қазақстанның Тәуелсіздік күні қарсаңында III дәрежелі "Барыс" мемлекеттік орденімен марапатталған еді. Қайрат Беркінбаев - қоғам қайраткері, Қазақстан Республикасы Президентінің іс басқармасы медициналық орталығы "Оқжетпес" емдеу-сауықтыру кешені АҚ президенті болған.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!