Жақында "Қазақстан дауысы" жобасының көрмей тыңдау кезеңінде Сүгірдің термесін гитарамен орындаған 23 жастағы шымкенттік Қыздархан Еркінқызы көпшіліктің сынына қалған еді. Facebook-те ақын Сәрсен Қадыр бұл орындауды сынап, мұны "мәңгүрттіктің ең ушыққан түрі" жазған. Massaget.kz тілшісі ақын, жырау Сүгір Бегендікұлының немересі Әліпбай Сүгіровпен осы мәселеге қатысты сөйлесті.
Әліпбай Сүгіров Ескелді Сүгір Бегендікұлы - Маңғыстау облысындағы дүлдүл жырау, жыршысы, 15 жасынан бері жыршылық қасиеті қонғанын атап өтті.
"Қай кезде болмасын елдің жақсы болуын, бірігуін насихаттап жүрген үлкен әкеміз. Ол 1894 жылы жылы өмірге келген. Қуғыншылық кезінде Түрікменстан, Иран, Ауған асып кетті ғой", - дейді Әліпбай Сүгіров.
Оның сөзінше, бұған дейін де Сүгірдің термесіндегі сөздер бұрмаланып жүрген.
"Бастапқыда Амандық Көмеков деген ағамыз 2-3 кітапқа жырдың арасына сөз қосып, бүлдірген. Оны рулас адам ағайындар ескерткен болатын.
Ал кешегі әнші қыз әпке деген сөзді қосып жіберген. Біздің адайда әпке деген сөз жоқ, тіпті қазақта жоқ. Ол қыз білмеді деп айтайын десең ол жұлдыз боламын деп қасиетті кісілердің жырын келемеж етіп отыр. Біз ұрпаққа тарихты бұзбай, дұрыс жеткіземіз деп отырмыз ғой. Ол кісілер тарихты жырмен жеткізіп кеткен. Әнші Төреғали де шай туралы әніне қосыпты. Шай қайда, Сүгір қайда? Ақсақалдарымыз "бір кешірім бер, ол да адам баласы ғой" дегеннен кейін көз жұма қарадық. Ал мына соңғы оқиға бізге ауыр болып тұр. Халық "ауылға Сүгір келді" деп жырлап жатса, қарындасымыз "ауылға әпкем келді" деп айтып тұр? Ол масқара ғой! Менің жаныма батып кеткені сол", - дейді Әліпбай Сүгіров.
Оның сөзінше, әнші кешірім сұрамаған.
"Ол кешірім сұрайтын қыз емес секілді. Продюсерімен сотқа беремін. Неге ол шәкірті айтып жатқан сөздерді тексермейді? Сотқа беруге қажет жұмыстарды істеп жатырмыз. Қарындасымыз әпкем деп айтқанын мойындап отыр екен. Ол "Сүгір болғым келді деп әпкем деп айтып жібердім" дейді. Сенің өзгенің өлеңін бұзуға қандай құқығың бар? Біз айтпа демейміз, айта берсін. Бірақ сөзін ауыстырмасын.
Оның қате айтқанын бәрі естіп, көрген. Бүкіл ағайын-туыс, адайлар жіберіп жатыр. Авторлық құқықтың бәрі бізде. Қазақ болғаннан кейін "айта берсін" деп кешіріммен қарап жүрдік. Бірақ мынау масқара ғой. Жолда келе жатқанда естіп қаным басыма шауып кетті. Қазір сотқа құжаттар жинап жатырмыз", - дейді Әліпбай Сүгіров.
Еске салайық, ескі әндерді заманауи бағытта салып орындап жүрмін деген 23 жастағы әнші термедегі "Інілерім де бар еді, Сүгірдей ағам келді деп. Ат шаптырып айқайлап, Хабар да салған еліме" деген жерін "Сүгірдей әпкем келді деп" деп орындаған. Дәл осы тұсы ақын Сәрсен Қадырдің ашуына тиген.
"Қайран, Сүкем "Қыздарым да менің бар еді-ау, Жыршы да атам келді деп, Шәй құйыпта беріп-атамның. Батихасын-ай, алам деп" деп, жырлап еді-ау... Есіл, Сүкем, сен бізді кешір. Осы, ұрпағыңның түрі. Иә, не көрмей жатсың? Ана бір жылдары сөзіңді бұрмалап, әуеніңді иеленіп бір қыйтұрқы шықты. Атамызды қорлатпаймыз, итті шалдардың алдына, аяқ-қолын сыммен матап, алып келеміз, деген, тентектер де болды. Өзі түсінер, кешірім сұрар деп, балдарға басу айттық. Ол, бірақ әлі кешірім сұраған жоқ. Тентектер де, тісі қайраулы жүр. Оның үстіне мынау шықты. Енді болмас.. Бұл әнші қыздың ата-анасы қайда?", - деп жазған ақын.
Ол сонымен қатар Сүгірді келекеге айналдырған телеарнаны да, бағдарламаны ұйымдастырушыны да, продюсер мен әншіні де сотқа беру керегін жазған еді.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз