Танымал актриса, тележүргізуші Жұлдыз Абдукаримова Түркістан облысында шу шыққан лагерьге қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл туралы ол Instagram-парақшасында бөлісті.
"Қылмыстың ең ауыры - балаға жасалғаны! Мына оқиға болғалы бері жаным жай таппай жүр. Шардара ауданының 600 оқушысын тегін лагерьге жинап алып, білгендерін істеген. Қатқан нан, ашып кеткен тамақ беріп, ол аз десеңіз ұрып-соққан. Тәрбиеші мұғалімдері мас күйде жүрген. Балаларын алып кетуге келген ата-аналарды лагерьге кіргізбей әурелеген. Енді келіп лагерь басшылары бір балаға бөлінген "30 мың теңге тым аз болғандықтан осылай болды" деп ақталуы ақылға сыймайды!" - деп жазған ол.
Өнер иесі балаларға қатысты хабар тарататындарға ескерту жасады.
"Тағы бір мәселе осы балаларға қатысты хабар таратқанда "жағдайы төмен", "толық емес отбасының балалары" деп жар салмаңыздаршы. Ал солай анықтап айтасыздар ма балалардың түрін көрсетпеңіздер! Тіпті ата-анасының рұқсатымен болса да. Бұл - тым қатыгездік! Іс қозғалсын деп талап ететін жағдай осы, ағайын! Бір күндік жаңалық үшін шулап басылуға болмайды. Құзырлы орган, Оқу-ағарту министірлігі, облыстық, аудандық Білім басқармаларынан қадағалауды, жауаптылардың жазалануын осы кезде талап етейік!" - деп жазған актриса.
Айта кетейік, бұған дейін 8 маусымда әлеуметтік желіде жылап, үйлеріне қайтаруды сұраған балалардың видеосы тараған еді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!