Мәжіліс депутаттары жануарлар туралы заңға енгізілген түзетулерді қайта қарап, Сенат ескертуінің басым бөлігімен келісті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Алғашында қараусыз жүрген жануарларды аулағаннан кейін 5 күн ішінде жансыздандыру нормасын заңда бекіту ұсынылған еді. Алайда енді мұндай мерзімді әр өңір өз бетінше анықтайды. Бұл шешімді жергілікті мәслихаттар қабылдайды. Олар нақты жағдайға, панажайлардың қолжетімділігіне және ветеринария қорытындысына сүйенеді.
Ал жануарды "қараусыз" деп тану мәселесінде пікірталас туындаған. Мәжіліс бастапқыда чип болуын негізгі белгі ретінде қарастырған. Ал Сенат жануардың иесі бар-жоғын басты шарт ету қажет деп ұсынды. Соңғы нұсқада жануардың кімге тиесілі екені есепке алу жүйесі мен чип арқылы анықталатын болды. Депутат Ерболат Сатыбалдин бұл тәсіл меншік құқығын нақтылаудың тиімді жолы екенін айтты.
Заң мәтінінде "эвтаназия" сөзі "жансыздандыру" терминімен алмастырылды. Сонымен қатар, әкімдіктердің құзыреті кеңейтіліп, енді олар жануарларға арналған панажай ашуға, жоғалған жануарларды іздеуге, вакцинация жүргізуге және халықты ақпараттандыруға жауап береді.
Айта кетейік, кейінгі кезде бұралқы жануарларға қатысты заң жобасы қоғамда қызу талқыланды.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!