Жантүршігерлік қылмыс жасаған шетелдіктер Қазақстанда жасырынып жүрген

Жыл басынан бері Қазақстанның ІІМ шетелдік әріптестерінің сұрауы бойынша іздеуде жүрген 264 шетелдік қылмыскерді ұстады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Жамбыл облысында Өзбекстан Республикасының 48 жастағы азаматы ұсталды. Ол ақпанда Ташкент облысында отбасылық жанжал кезінде жұбайын соққыға жығып, дене жарақаттарын салған, салдарынан әйел көз жұмған.

Адам өлтірді деген күдікпен 2003 жылдан бері іздеуде жүрген 71 жастағы ер адам Түркістан облысында ұсталып, қамауға алынды.

"Алматы қаласында мемлекетаралық іздеуде жүрген өзбекстандық ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. 2012 жылы ол Шыршық қаласында өзімен бірге тұратын әйелді аяусыз ұрып-соғып, тұншықтырып өлтірген", - деп жазылған хабарламада.

Жамбыл облысында Қырғызстан азаматы ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Ер адам 2022 жылы Ресей Федерациясының Липецк қаласында өзінің танысын пышақтап өлтірген.

Ведомство мәліметінше, елден тыс жерлерде Қазақстан Республикасы ІІМ сұрауы бойынша 57 қылмыскер құрықталған.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!