Жантүршігерлік жол апаты: Жаңаөзенде 13 жастағы бала көз жұмды

Жаңаөзенде жантүршігерлік жол апатынан 13 жастағы жеткіншек көз жұмды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Almaty.tv-ға сілтеме жасап. 

Ауыр жарақат алған тағы 2 оқушы жансақтау бөлімінде жатыр. Куәгерлердің айтуынша, мопедке мінген 3 бала жеңіл көлікпен соқтығысқан. Қайғылы оқиға бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Мектеп оқушылары мінген қос дөңгелекті құрылғы темір тұлпардың бүйірінен соғып, үш бала үш жаққа қарай құлаған. Оның біреуі сол жерде көз жұмған. Полиция арнайы сараптама тағайындап, қылмыстық іс қозғады. Жол апатына нақты кімнің кінәлі екені әзірге белгісіз. Ал дәрігерлер аман қалған 14 жастағы екі баланың жағдайы ауыр деп отыр.

"Қазір балалардың жағдайы өте ауыр. Бір бала өкпені жасанды желдету ИВЛ аппаратында жатыр. Екінші науқастың сан сүйегі сынған және көп қан жоғалтуына байланысты жансақтау бөлімінде емделіп жатыр. Алған жарақатының ауырлығына байланысты отаға дайындап жатырмыз", - деді Жаңаөзен көпбейінді қалалық ауруханасы жансақтау бөлімінің меңгерушісі Марат Еділханов.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!